Алмасадам Сәтқалиев қазақша үйренемін деген уәдесін 1 жыл 3 ай 5 күннен бері орындамай келеді (ВИДЕО)

Azattyq Rýhy

Ол 2023 жылдың 11 сәуірі күні жаңадан министр болып сайланғанда қазақ тілін жарты жылда үйренемін деп уәде берген

Алмасадам Сәтқалиев қазақша үйренемін деген уәдесін 1 жыл 3 ай 5 күннен бері орындамай келеді (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгін үкімет отырысында Azattyq Rýhy тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке  Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты өтетін референдумның датасы туралы сұрақ қойды. Қазақстан халқы үшін осындай маңызды сұрақты тыңдаған ол сауалды қазақ тілшісі мемлекеттік тілде қойып тұрғанына қарамастан, орысша жауап берді.

Бұған наразы болған журналист Алмасадам Сәтқалиевке 2023 жылдың 11 сәуірінде бұқара алдында берген уәдесін есіне салды.

«Мен бұл сұрақты қойғым келмеген. Бірақ, қоюға мәжбүрмін. Өйткені, мен сізге қазақша сұрақ қойсам да сіз, бірден орысша жауап беріп кеттіңіз. Бірақ, осыған дейін сіздің мемлекеттік тілді білмеуіңізге қатысты қойған сұрақтарымызға жауап бере отырып, «жарты жыл уақыт беріңіздер, мен қазақша үйренемін» деп уәде берген едіңіз. Бірақ одан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Енді менің сұрағым: сіз қазір қазақ тілін үйреніп жүрсіз бе? Неге қазақша жауап беруге тырыспайсыз», - деді Azattyq Rýhy тілшісі.

Алмасадам Сәтқалиев сұрақ қойылып жатқанда басын изеп, осы сөздермен келісетін ишара танытқанымен, сұрақ аяқталған соң «сұрағыңызға рақмет, келесі сұрақ, пожалуйста» деді де жауап беруден жалтарып кетті. Журналист сұрағына жауап беруді талап еткеннен кейін ол үкімет кулуарында жауап беремін деп тағы уәде өтті.

Тағы да айта кетейік, Сәтқалиевтің алдыңғы уәдесінен бері 1 жыл 3 ай 5 күн өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.