$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркітілдес мемлекеттердің қатысып отырғаны ШЫҰ саммитіне үлкен салмақ қосады – сарапшы

ШЫҰ саммитінде Астана декларациясы қабылданады

Түркітілдес мемлекеттердің қатысып отырғаны ШЫҰ саммитіне үлкен салмақ қосады – сарапшы
Фото: видео скрин

Саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев елордада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір бүкіл әлемнің назары Астанаға ауған. Себебі Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы ШЫҰ саммитіне қатысып жатыр. Ауқымда шараға он бес мемлекеттің басшылары, үкімет басшылары мен сыртқы істер министрлері келді. Он мыңға жуық делегат бар. Осының барлығы саммиттің әлеуетін көрсетеді.

«Екінші маңызды мәселе – осы саммит барысында қабылданатын құжаттар және оның саяси салмағы. Осы тұста Астана декларациясы қабылданатынын айта кеткен жөн. Ол жерде әлемдегі геосаяси процестерге қатысты ШЫҰ-ның өзінің ұстанымы, көзқарасы білдіріледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен әділетті қарым-қатынасты сақтаудың өзіндік формуласын ұсынады деп күтілуде», - дейді сарапшы.

Тағы бір өзгешелігі –  осы ұйымға оныншы мемлекет болып Беларусь ресми түрде қосылды. Бұл ұйымның географиялық аймағының кеңейіп жатқанын көрсетеді.

«Он мемлекеттен бөлек, «ШЫҰ плюс» форматында жұмыс істейтін Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан секілді түркітілдес мемлекеттердің де қатысып отырғаны бұл ұйымның бүгінгі саммитіне үлкен салмақ қосады. Яғни бүгінгі саммит, менің ойымша, Астана декларациясының қабылдануымен есте қалады. Сонымен бірге осы саммит аясында әлемдегі қауіпсіздікті сақтауға қатысты маңызды құжаттарға қол қойылады және Қазақстанның бір жыл бойы ұйымға төрағалық етуінің логикалық түйіні осы саммитте жасалады деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.

Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалықты көрші Қытай еліне тапсырады.

Бауыржан Серікбаевтың пікірінше, ШЫҰ жұмысында жүйелілік бар. Сол себепті Қазақстан бастаған жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады. Яғни белгілі бір сабақтастық сақталады.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#саммит #ШЫҰ