Кореяның экс-президентінің әйелі ақша жымқырды деген айыпқа ілікті

Темірхан Айжан

Бұрынғы бірінші ханымға президенттік ұшақты теріс мақсатта пайдаланды деген айып та тағылуы мүмкін

Кореяның экс-президентінің әйелі ақша жымқырды деген айыпқа ілікті
Фото: spochoo.com

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің әйелі 290 мың доллар бюджет қаржысын желге ұшырды деп айыпталып жатыр, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.  

KBS-дің хабарлауынша, Орталық округтің прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Мун Чжэ Иннің әйелі Ким Чжон Сукқа қарсы сот ісін тергеуді бастады. Оған Сеул заң шығарушы ассамблеясының «Халық күші» партиясының депутаты Ли Чжон Бэ арыз түсірген.

Депутат экс-бірінші ханымның 2018 жылғы Үндістанға жеке сапарына салық төлеушілердің қомақты ақшасын жұмсағанын айтқан. Өткен желтоқсанда прокуратураға берілген талап арызында Ким Чжон Сук сапарға 400 миллион вон (шамамен 290 мың доллар) бюджет қаражатын жұмсады деп мәлімдеген.

Бұрынғы бірінші ханымға президенттік ұшақты теріс мақсатта пайдаланды деген айып та тағылуы мүмкін. Оның Үндістанға сапарын жұбайы, бұрынғы ел президенті Мун Чжэ Ин «бірінші ханымның алғашқы жеке дипломатиясы» деп атаған.

Жетпіс жастағы Мун Чжэ Ин Оңтүстік Кореяның 12-ші президенті болды. Ол 2017-2022 жылдары елді басқарған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.