$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.06.2024, 17:42
Саясат

Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan: Корея Республикасы – Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі

Президент Қазақстан-Корея бизнес форумында сөз сөйледі

Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan: Корея Республикасы – Қазақстанның ірі инвестициялық серіктесі
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль Қазақстан-Корея бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысқан бизнес өкілдеріне ілтипат білдіре отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ең перспективті бағыттарына тоқталды.

«Корея Республикасы – Қазақстанның бес ірі инвестициялық және сауда серіктесінің бірі. Кореядан экономикамызға тікелей тартылатын инвестиция көлемі он миллиард долларға жуықтады. Ал өзара сауда айналымы алты миллиард долларды құрады. Бүгінде Қазақстан нарығында Оңтүстік Кореяның 700-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар мен басқа да кәсіпорындар бар. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Бұл туралы бүгінгі келіссөздер барысында сөз болды. Нақты жоспарлар әзірленді. Келісімдерге қол қойылды. Құжаттар елдеріміз арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап, Азия құрлығы орнықты даму және ғылыми-технологиялық прогрестің көшбасшысына айналған қазіргі заманда мұның өзектілігі айрықша байқалады. Сарапшылардың болжамына сәйкес биыл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсімін Азия қамтамасыз етеді. Бұл ретте Оңтүстік Корея «Азия ренессансында» ең маңызды рөл атқаратыны сөзсіз», – деді Президент

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары саналады.

«Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі», – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.

«Қазақстанда қазір Hyundai маркалы автомобильдер құрастырылады. Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн. Оңтүстік Кореяның бірқатар компаниясы автомобиль өнеркәсібін дамытудың келесі кезеңіне кірісуді, яғни Қазақстанда автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отырғаны қуантады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль, Кореяның халықаралық сауда қауымдастығының төрағасы (Іскерлік кеңестің тең төрағасы) Джин Сик Юн, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Hyundai Motor Russia & CIS өңірлік штаб-пәтері басшысының орынбасары Им Дже У, Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев, Doosan Enerbility компаниясының вице-президенті Янг Юн Хо, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов, SK Ecoplant компаниясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Ли Джун Хек, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев және тағы басқалар сөз сөйледі.

Серіктес жаңалықтары