ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысы өтті
Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің келесі отырысы қарашада Астанада өтеді
Алматыда Қазақстан тарапының төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне ҰҚШҰ қызметінің өзекті бағыттарына қатысты, соның ішінде Қазақстанның Ұйымға төрағалығының басымдықтары аясындағы еліміздің ұстанымы туралы мәлімет берді.
«Халықаралық терроризм, киберқылмыс, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы, ұйымдасқан трансұлттық қылмыс сияқты қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл шараларына да ерекше назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің «Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы туралы» шешімінің жобасы мақұлданды. Жиынға қатысушылар ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықты дамытуға және Ұйымды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады», - деп хабарлайды Ақорда.
ҰҚШҰ-ға Қазақстан Республикасының төрағалығы ескеріліп, Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің кезекті отырысы биыл қараша айында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында Астанада өтеді.
Ұйымның ресми сайтында хабарланғандай, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды жоюға бағытталған шаралар мен ҰҚШҰ жауапкершілігіне кіретіне аймақтағы жағдай туралы баяндама жасады.