«Даниал Ахметовке қатысты арыздар легі тоқтар емес»: Абзал Құспан Ахметовтің күдікті жұмысын жария етті
Ахметов әкім болып тұрған тұста орнатылған көше жарықтары істемей қалған
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі жеке парақшасында оқырмандарынан келген хаттарды жариялап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абзал Құспан ел азаматтарынан заң бұзу фактілері туралы, әсіресе, бұрынғы шенеуніктерге қатысты көп арыз-өтініш түсетінін айтты. Заңгер экс-әкім Даниал Ахметовке қатысты түскен ақпаратты таратып отыр.
«Депутат ретінде Батыс Қазақстан облысынан сайлансамда, заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі ретінде маған Республиканың барлық өңірінен дерлік заң, тәртіп сақталуы мәселесінде арыз-шағымдар жиі түседі. Соларды тексеру нәтижесінде, құқық қорғау органдары арқылы бір емес, бірнеше қылмыстық істі тіркетуге (қозғатуға) мұрындық болдым. Соның ішінде Даниал Ахметовке қатысты арыздар легі тоқтар емес», - деп жазды депутат.
Дәл осы Ахметовке қатысты келетін арыздардың ішінен Абзал Құспан бір мысалды жария етіп, күдікті жайттардың басын ашты.
«Даниал Ахметов әкім боп тұрған кезде Өскемен және Семей қаласы көшелерін жарықтандыру үшін ЕБРР (Европа қайта құру және даму банкі) арқылы 3, 6 млрд, оған қосымша бюджет тарапынан 1, 2 млрд, барлығы 4, 8 млрд бөлінген екен. Шағым иелері бұл жобаға Даниал Ахметов тарапынан жеке лобби жасалғанына дәлел ретінде оның әкім боп тұрғанда банктің Лондондағы офисіне келіссөз жүргізуге өзі барғанын айтады», - деп жазған депутат мәселе тіпті лоббиде емес, ақшаның желге ұшқанында дейді.
«Мәселе сол миллиардтаған қаражатқа қойдырған шамдардың басым бөлігінің жанып кеткендігінде және кепіл уақыты ішінде ауыстырылмағанында. Соның салдарынан, Өскемен мен Семейде көше жарығы жоқ, алайда, ол жағдай екі облыстың бюджетін ЕБРР алдындағы қарыз міндеттемелерінен босатпайды», - дейді ол.
Бұл ретте Абзал Құспан қолындағы құжаттарға қарап, «осы күмәнді келісімге қатысқан екі компанияны – ШҚО әкімдігі ашқан «Региональный центр ГЧП ВКО» АҚ мен Тайваньда тіркелген «Everlight Electronics Co. LTD» компания атап өткен.
«Яғни, жіпті шетінен тарқататыны сияқты, тексеруді әкімдік жанынан құрылған мекемеден бастаса біраз дүниенің басы ашылары анық. Осыған байланысты, шығыстағы ағайындардан түскен арыз бен өз тарапымнан қосымша сұратқан құжаттарды тиісті құқық қорғау органдарына өз талдауыммен қоса жолдаймын», - деп жазды Абзал Құспан.
Айта кетейік, Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдан бастап 2023 жылға дейін басқарған әкім.