$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Кезінде Әбілязовтың компаниясына заңсыз берілген жер учаскелері халыққа қайтарылды

Жамбыл облысында 2018 жылғы сот шешімі қайта қаралды

Кезінде Әбілязовтың компаниясына заңсыз берілген жер учаскелері халыққа қайтарылды
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы “Ноғайбай-Kazexim" ЖШС-нің  электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаларын заңсыз деп тану жөніндегі Тараз қалалық сотының 2018 жылғы шешіміне түсірген апелляциялық өтінішхатын қарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сот 2006 жылы “БТА Банк" АҚ мен "Қазэксим" ЖШС арасындағы кредиттік шарт негізінде жалпы көлемі (ауданы) 14 мың гектардан асатын 16 жер учаскесі "Қазэксим" ЖШС-нің қарызын қамтамасыз ету үшін Банкке кепілге бергенін анықтады. Жер пайдаланушылары несие шарты мен жер учаскелерінің кепілге берілгені туралы 2010 жылдың қыркүйек айында білген.

Айта кету керек, 2010 және 2017 жылдардағы сот үкімдерімен "Қазэксим" ЖШС бас директоры, Мұхтар Әбілязов және басқа да ұйымдасқан топ мүшелері сотталды.

Олардан банктің пайдасына материалдық залалдың едәуір сомасы өндірілген. Борышты қайтару бойынша өз міндеттемелерін орындамауына байланысты 2011 жылы Жамбыл облысының прокуроры "БТА Банкі" АҚ-ның мүддесі үшін сотқа талап арызбен жүгінген.

«2011 жылғы соттың шешімімен "Қазэксим" ЖШС-нен банктің пайдасына жауапкерлердің мүлкінен өндіріп алу жолымен 3 млрд теңгеден астам қарыз өндірілді. 2016 жылдың қыркүйек айында ЖСО атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалып, "Қазэксим" ЖШС кепілге қойылған мүлкіне өндіріп алу бойынша атқарушылық әрекеттері жасалды. 2018 жылы аукциондық сауда-саттық жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша 5 жер учаскесі сатылып кеткен», - делінген азаматтық сот алқасының хабарламасында.

Сот алқасы 2018 жылғы сот шешімі заңсыз деген шешімге келді, себебі ол жер учаскелері "Қазэксим" ЖШС-не заңсыз берілгенін анықтап, осыған байланысты жер учаскелері Қордай ауданының тұрғындарына қайтарылуға жатады деп тапты. Осылайша, сот жер пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғады. Қаулы заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары