$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.04.2024, 12:40
Саясат

Тоқаев Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады

Кездесу кезінде екі тарап мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударды

Тоқаев Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ақорда хабарлағандай, Тоқаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өткен.  


Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде қазақстандық бизнес Грузия экономикасының түрлі секторында қызмет етеді және екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі кеңейтуге үлес қосып келеді.


«Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, футболдан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының ақтық кезеңіне шыққан достас Грузия халқын құттықтап, сәттілік тіледі», - деп хабарлайды Ақорда.


Өз кезегінде Шалва Папуашвили құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл Грузия Парламенті төрағасының Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары екенін, сондықтан оның сапары айтулы оқиға саналатынын атап өтті.

Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Оның айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті. Бұл ретте Грузия Парламентінің спикері Мемлекет басшысының Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамыту туралы бастамасын қолдады.

Серіктес жаңалықтары