Ерлан Қошанов Грузия парламентінің спикерімен кездесті
Шалва Папуашвили Астанаға алғаш рет келіп отыр
Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ерлан Қошанов атап өткендей, қазақ және грузин халықтарын тығыз тарихи қарым-қатынас пен мәдени дәстүрлер байланыстырады.
«Қазақстан Грузиямен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән береді. Бүгінгі кездесу парламентаралық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Сапар барысында осы өзгерістермен кеңірек танысасыз деп ойлаймын. Олар биліктің барлық тармақтарының жұмысын толығымен қайта жандандырды және қоғамның саясатқа араласуын арттырды», – деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Өз кезегінде Грузия Парламентінің төрағасы Қазақстан тарапына қонақжайлығы үшін алғыс айтып, бұл ресми сапар парламентаралық қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Әрине, парламенттерде атқарушы биліктің тетіктері жоқ, бірақ олардың қолында екі маңызды құрал бар. Біріншісі – елдің даму саясатын айқындау, екіншісі – осы саясатты іске асыру үшін құқықтық база құру. Үкіметтеріміз екіжақты ынтымақтастықты табысты дамытуы үшін депутаттар көп дүние жасай алады», – деді Шалва Папуашвили.
Жалпы, кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы экономика, агроөнеркәсіп, көлік-транзит, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.