Үкімет: Қазақстан мен Қытай сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер талқыланды

Azattyq Rýhy

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың нығайып жатқанын атап өтті

Үкімет: Қазақстан мен Қытай сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер талқыланды
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов «ҚР-ҚХР сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы экспорттаушылардың екінші форумына қатысу үшін Астанаға келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниазбен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөз барысында Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $31,5 млрд болды.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы еліміздің төрт облысымен шектеседі. ҚХР-дың жалпы тауар айналымының 64%-дан астамы немесе $20,3 млрд-ы автономиялық ауданның үлесіне тиесілі.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың нығайып жатқанын атап өтті.

2005 жылдан бастап ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны $25 млрд-қа жуықтады.

Өткен жылдың 9 айында тікелей қытайлық инвестициялар көлемі 37%-ға өсті.

Бүгінгі таңда 45 екіжақты жобадан тұратын тізімнің жалпы инвестициясы $14,5 млрд-тан астам соманы құрайды.

«Арадағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты – жаңа бірлескен өнеркәсіптік жобаларға негізделген, оның ішінде мұнай химиясы және металлургия салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту», — деді Олжас Бектенов. Ол сондай-ақ сауда қатынастарын әртараптандыру әлеуеті зор екенін атап өтті.

Келіссөз барысында Олжас Бектенов пен Эркин Тунияз өзара іс-қимылды дамытудың мүмкіндіктері ретінде транзиттік көлік, мәдени және өңіраралық бағыттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және туризм салаларын атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.