$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.01.2024, 10:56
Саясат

Қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын – Президент

Былтыр екі ел арасындағы 24,3 млрд долларға жетті

Қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын – Президент
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы өз сұхбатында болашақта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың қалай өрбитінін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақ­стан мен Қытай арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа «алтын отыз жыл­дығына» қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжің­нің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бо­йынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспорт­қа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк та­сы­малын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрын­нан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 мил­лиард доллар инвестиция салды.

«Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құры­лы­сы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміз­дің көлік-логистика саласына тың сер­пін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытай­­дың «Бір белдеу, бір жол» мега­жоба­­сын толығымен қолдайды. Был­тыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі.

Қазақстан мен Қытай арасында виза­сыз жүру режімі күшіне енді. Мұ­ның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкін­дікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін.

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо­йындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары