Билік транзитіне бір жыл: Назарбаев бастаған іргелі бағдарламалар қалай жалғасын тапты
Елбасының әлеуметтік бастамалары
Сарапшылар қазір ел қазынасының жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалатынын, бұл бағыттағы саяси реформалар жүйеленіп қалғанын айтады. Azattyq Rýhy тілшісі билік транизтінің бір жылдығы туралы пікір білдіруді сұрағанда, мамандар әлеуметтік мәселеге назар аударған еді.
ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНҒАНДА АТА ЗАҢНАН ЕШКІМ АТТАҒАН ЖОҚ
Біздің елде кез келген мәселе бойынша шешімдер нақты әрі тез қабылданады. Бұл – отыз жылға жуық билікте болған жүйенің өз тиімділігін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттілігінен бас тартуы да жедел әрі ұтымды шешім болғанын уақыт көрсетіп отыр, деп есептейді Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Талғат Қалиев.
«Әрине, бұл дәл осы күні, осы уақытта айтарлықтай күтпеген оқиға болды. Форма жағынан да, оның салдары бойынша да оқыс жағдай еді. Себебі, оның алдында түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылды. Түрлі сценарийлер халық арасында өз үстемдігін құрып тұрды. Тіпті, транзит көптеген сарапшылардың ойынша, конситуциялық жолмен емес, басқаша өтеді деп айтылып жүрді. Алайда, ешкім Ата заңнан аттаған жоқ. Рет-ретімен ауыртпалықсыз өте шықты», - дейді маман.
Қазір 90-шы жылдарғы жағдайдың қалай болғанын ешкім есіне алғысы келмейді. Бірақ мемлекетті қайта құруда еңбек еткен күндер, ұйқысыз түндерді ұмыта алмайтын жандар бар. Көп адам ел болашағына күмәнмен қарағанда, Елбасы мен оның серіктері елді дағдарыстан алып шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, зейнетақы жүйесі, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде шешуші реформалар қабылданды. ОКҚ басшысының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев құрған жүйенің сабақтастығы екінші Президент тұсында да қолдау тапқаны қуантады.
«Екінші Президенттің де танымалдығы мен оған деген сенім артып жатыр. Бұл Елбасының таңдауда қателік жасамағанының белгісі. Жасыратыны жоқ, соңғы он жылдықта көптеген кандидатуралар сынақтан өтті. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа аяқасты таңдау жасалған жоқ. Оның БҰҰ-да еңбек етуі, халықаралық аренада танылуына, өз беделін жасауға оң ықпал етті. Тиісінше, ол Президенттіке кандидат болып келгенде, әлем елдері де бірден қабылдай алды», - дейді Т. Қалиев.
БИЛІК ӘЛЕУМЕТТІК ПРОБЛЕМАҒА ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІМЕН ҚАРАУДЫ ҮЙРЕНДІ
Қазіргі уақытта біздің халқымыз үшін тұрақтылық өте маңызды. Оның кілті – әлеуметтік қамсыздандыру, бұл салаға билік қарапайым халықтың көзімен қарауға мәжбүр болды, деп есептейді Талғат Қалиев. Мемлекетке жаңа сын-қатерлердің ықпалы басым. Әлемдік індетке байланысты импорт пен экспорт ағыны басылды. Өз-өзімізді қалай қамтамасыз етеміз деген сұрақ күн тәртібіне шықты.
ОКҚ директоры осы тұрғыдан халықты үнемдеуге үйренуге шақырады. Билік қарап отырған жоқ. Тоқаев билікке келген соң, халық үшін әлеуметтік салада екі үлкен реформа қолға алынды. Олар: несиелік амнистия мен АӘК (Атаулы әлеуметтік көмек - автор). Бұл екеуі де халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандарға бағытталған.
«Бұл реформалар халықтың қарызын жеңілдетуге үлкен қадам жасап берді. Ол елдегі жарты миллион адамды қамтыды, оның ішінде әлеуметтік ақуалы төмен халықтың дені осы жеңілдікке ие болды. Ал АӘК жасыратыны жоқ, шынайы жұмыс жасай бастады. Оған дейін атаулы әлеуметтік көмектің механизмдері тым шала болған, қарарпайым халық шынайы көмектен қағылып келді. Ол жетілдіріліп, жүзеге асқанда 2 млн адамды қамтыды. Бұл деген жұмысқа жарамды халықтың төрттен бірі. Бірақ мемлекет көмек беріп жатыр деп, адамда «даяр асқа тік қасық» деген психология қалыптаспауы тиіс. Отбасына берілетін әлеуметтік көмек ішіп-жемге емес, көпбалалы отбасындағы баланың біліміне, спортпен шұғылдануына өзге де қажеттіліктеріне жұмсалса деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.
БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА: НҰР-СҰЛТАНҒА ГАЗ ЖЕТТІ
Тура екі жыл бұрын Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бес әлеуметтік бастаманы жариялады. Бұл тұрғын үй сатып алуға, қазақстандықтарға салықтық жүктемені төмендетуге, микрокредитті кеңейтуге, елді газдандыруға, сондай-ақ жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға арналған жаңа мүмкіндіктер береді деп бағаланды.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Елбасы ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» бойынша маңызды аспектлерге тоқталды. Қазір 47 мың адам әлеуметтік бастама аясында жүзеге асып жатқан бағдарлама көмегімен тиісті баспанасына қол жеткізіп отыр. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ берген деректерге қарағанда, 161 млрд теңге бюджет қаржысы игерілген.
«Бұл бағдарламаның барлығы Қазақстан экономикасының мүмкіндіктерін ескеріп жасалған болатын. Әрбір қазақстандықтың жеке пәтер алуға құқықын кеңейтетін «7-20-25» бағдарламасы аспаннан алынып, ұсынылған жоқ. Бұл экономикалық жағынан ұзақ мерзімді және азаматтардың табысын есепке алып жасалған құжат еді. Бұл Тұңғыш Президенттің көкжиекке көз тастап барып, оны жүзеге асыруға болатынына көз жеткізген соң ғана айтылған жоба. Бұл да трансформациядан өтіп, сабақтастық арқылы екі жылдан бері басқа президенттің кезеңінде де жүзеге асып жатыр. Ол баспана бағдарламалары ішінде өте тиімді және теңдессіз екенін уақыт дәлелдеп отыр»,- дейді Стратегиялық зерттеулер институтының маманы.
Әлемде шағын және орта бизнес еңбек ресурстары мен экономикадағы ең бейімдеуге қолайлы сектор. Дамыған елдерде ШОБ экономиканың тамырына қан жүгіртіп, 70 пайыз салықтың түсіміне әсер ете алады. Бұл сала қашанда мемлекеттің көмегіне зәру, ылғи сауықтыруды және капитализацияны қажет етеді.
«Қазақстанда ШОБ өз деңгейінде дамып, бұдан да жақсы көрсеткіштерге жетуге мүмкіндігі бар еді. Қызмет көрсету саласы, өзге де шағын кәсіпкерлік субьектілері мемлекетке қол жайып отырған жоқ. Бірақ оларға қолдау қажет екенін ел басындағылар түсінеді. Сол себепті, «Бес әлеуметтік бастама» жобасы аясында бұл сала да қаржылай көмекке қол жеткізді», - дейді С. Көшкімбаев.
ӘЛЕМДІК ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ЖЫЛДАМ БЕЙІМДЕЛУ КЕРЕК
Бір жыл өткен соң да бұл бағдарламалар өз өміршеңдігін көрсетіп отыр. Әлеуметті проблемаларды шешуге бағытталған жобалардың кейбіреуі толықтай игерілді. Ұзақ мерзімге есептелген тармақтары тоқтап қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, сабақтастық үзілген жоқ.
«Бұл экономиканың ең қозғаушы күші, әлеуметтік мәселелердің ең маңызды бағыттарына құрылған бастамалар болатын. Мемлекеттік басқару жүйесі үшін де бұл реформалар маңызды. Оны тоқтатып тастауға болмайтынын түсініп отыр деп ойлаймын. Қазір әлемде жағдай сәт санап өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Оның үстіне, дәл қазір коронавирус сияқты індеттің кесірінен бүкіл әлем оқшаулануға көшті, турбуленттік кезеңде елден қалмай, әлемдік өзгерістерге жылдам бейімделіп отыруымыз керек. Енді жүйе тұрақтылық деп қана отырмай, мобильді, яғни қозғалмалы болуы керек», - дейді Талғат Қалиев.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы