«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы: Мәжілістің барлық комитеті оң қорытынды берді
Заң жобасы Сенат қарауына жолданды
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарап шығып, Сенат қарауына жолдау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Заң жобасы 2022 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жалпы отырысының бірінші оқылымында мақұлданған болатын.
«Заң жобасының негізгі мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру арқылы азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету», - деп атап өтті комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:
- «қорытынды құжат» ұғымын енгізуге;
- дербес білім беру ұйымдарын қоғамдық бақылау объектілеріне жатқызуға;
- ұлттық әл-ауқат қорында және оның еншілес компанияларында мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ұлттық жобаларға қатысты, сондай-ақ қор қайырымдылық көмек көрсеткен кезде қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;
- қоғамдық бақылау объектісіне барудан бас тарту негіздерін нақты айқындауға. Алдыңғы қоғамдық мониторинг жүргізілген кезден бастап алты ай ішінде бір объектіге не сол мәселе бойынша бара отырып қоғамдық мониторинг жүргізілген жағдайларда.
- қоғамдық бақылау объектілерінің жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижелеріне ресми қатынасын болғызбауға бағытталған түзетулер енгізді.
Сондай-ақ депутаттар заң жобасының мазмұнын сапалы жақсартқан редакциялық сипаттағы және заң техникасы бойынша түзетулер енгізді.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасына оң қорытынды берді.
«Жұмыс тобының 28 отырысы және Комитеттің екі кеңейтілген отырысы өтті. 100-ден астам түзету келіп түсті, оларды жұмыс тобы қарады. Салыстырма кесте қабылданған 89 позициядан тұрады», - деді Асхат Аймағамбетов.
Баяндалғанды ескере отырып, Комитет «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдауға және оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберуге болады деп есептейді.