Президент Алматы әкімі Ерболат Досаевты қабылдады
Тоқаевқа мегаполистің биылғы I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөнінде баяндалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жөнінде баяндалды. Осы кезеңде қысқамерзімді экономикалық индикатор іскерлік белсенділік есебінен 23,9 пайызға дейін үдеді. Ал іскерлік белсенділік көрсеткіші 57,9 пайызға дейін өсіп, өңірлер арасында бірінші орынға шықты.
Президентке экономиканы одан әрі әртараптандыру жөніндегі шаралар туралы есеп берілді. Биыл шағын және орта бизнестің 3 мың жобасына 43 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланған. Факторингтік келісімдерді қаржыландыру үшін қосымша 4 миллиард теңге бөлінді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді қамтамасыз ету үшін 5 шағын өнеркәсіп паркі ашылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалары» аясында іске асырылып жатқан Алматының көлік жүйесін қалыптастыру барысы туралы мәлімет берілді. Биыл қалада қоғамдық көліктің экологияға зиянды әсерін азайту туралы Президент тапсырмасын орындауға баса мән беріледі. Газбен жүретін 600 жаңа автобус және 100 троллейбус сатып алу үшін 66 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жеке тасымалдаушылар 650 жаңа автобус пен 31 электробус сатып алады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа жол инфрақұрылымын жаңғырту сапасын жақсарту жоспары таныстырылды.
Кездесу барысында өкілеттіктерді орталықсыздандыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мәселесіне де ерекше назар аударылды. 1 сәуірден бастап қалалық әкімдіктің 15 функциясы аудандық әкімдіктерге беріліп, олардың бюджеті 2,7 есе, яғни 161,6 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдау жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.