$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президент жаңа Үкіметке инфляцияны екі есеге төмендетуді тапсырды

Ол инфляцияны тежеп, инфрақұрылымды дамыту туралы сөз қозғады

Президент жаңа Үкіметке инфляцияны екі есеге төмендетуді тапсырды
Фото: akorda.kz

Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкімет қандай бағыттарда жұмыс істеуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру», - деді Тоқаев.

Ол инфляцияны тежеу қажет екенін айтты.

«Биыл инфляцияны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек», - деді Президент.

Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту қажет.

«Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болады. Қазір тауар газының тапшылығы күшейіп барады. Үкімет еліміздің газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіс. Сонымен бірге 25 су қоймасын салып, суды барынша үнемдеу керек. Қазақстан тұрақты даму үшін Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет. Бұған дейін қолға алынған көлік және логистика жобаларын түгел уақтылы бітіру өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары