$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.03.2023, 17:35
Саясат

Тіл мәселесі, адам құқығы мен аймақтардың дамуы: Мәжіліс депутаттары қандай мәселелерді көтермек

Мәжілістің бұл құрамы 72% жаңарған

Тіл мәселесі, адам құқығы мен аймақтардың дамуы: Мәжіліс депутаттары қандай мәселелерді көтермек

Тұрғын-үйлердің бейберекет құрылысы, адам құқығы мен әлеуметтің әлеуетін арттыру. Төменгі палатаның су жаңа депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің 8 шақырылымында қандай мәселелерді қаузайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жалпы атап өту керек, Мәжілістің бұл құрамы 72% жаңарған. AMANAT партиясының атынан Мәжілістен орын бұйырған 40 депутаттың 20-сы алдыңғы шақырылымнан қалған. Өзгесі - жаңа мандат иелері. «Ақжолдың» алты депутатының төртеуі алдыңғы шақырымнан. Демек, 33% ғана жаңарған. Қазақстан Халық партиясындағы бесеудің үшеуі жаңадан келіп, құрамы 60% өзгерді.

AMANAT партиясының атынан Парламентке келген мәжілісмен Асхат Аймағамбетов Төменгі палатаның төрінде бірқатар маңызды мәселені көтеруді ойластырып отыр екен. Депутаттың сөзінше, осыған дейін Білім және ғылым, Оқу-ағарту министрі болғандықтан, білім саласындағы қордаланған проблемалармен айналысады деу жаңсақ пікір. Депутаттың халық алдындағы жауапкершілігі, міндеті бір ғана шеңбердің ішіне сыймайды. Оның қамтитын ауқымы кең. Сол себепті, білім саласынан бөлек, өзге де бағыттарды негізге алып жұмыс істеуді жоспарлауда. 

«Дегенмен де, депутаттың міндеті бір ғана саланың айналасында емес. Осыған дейін Білім және ғылым министрі, Оқу ағарту министрі болғаным, осы бағытты әрі қарай жалғастырады деген сөз емес. Қайткен күнде де Парламент қабырғасында жалпы біздің ұстаздарымызға, педагогтерімізге, біздің медицина саласының қызметкерлерінің әл ауқатын арттыру мәселелерін назардан тыс қалдырмаймыз. Қазіргі таңда қалалардың құрылысы, тұрғын саны көп үлкен қалалардың құрылыс қазір бейберекет күйде. Мектеп жетіспейді, балабақша да дәл солай, әлеуметтік нысандар да жоқтың қасы. Ал әкімдіктер тұрғын үйдің құрылысына рұқсат беріп отыр. Салдарынан өткен жылы ғана салынған мектептер автоматты түрде үш ауысымды білім ошақтарына айналады. Бұл – нонсанс. Осы сұрақтары заң жүзінде шешу жағын ойластыруымыз керек», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліске жаңадан келген депутат Марат Башимов осыған дейін адам құқығы мәселесін көтеріп келген еді. Алдағы уақытта да Парламентте отырып, Конституциялық соттың рөлін арттыруға күш салмақ. Ол әсіресе зорлық-зомбылық бойынша заңды қатайтуды көздеп отырғанын айтып қалды.

«Әртүрлі салада адам құқығын бірінші орынға қою керек. Біз зорлық-зомбылыққа қатысты заңның барын білеміз. Қазір өзекті болып тұрғаны да сол. Парламентке де осы тұрғыда жұмысты жандандыру керек. Парламент Мәжілісі осы бағытта жұмыс істейтін болады. Осы жұмыстарды Конституциялық сотпен бірлесіп жалғастыру керек деп есептеймін. Конституциялық соттың рөлін күшейтуде парламенттің де жауапкершілігі артайын деп отыр. Сонымен қатар, әкімдердің жауапкерішілігін күшейтуді атап өту қажет. Баса назар аударатын мәселелердің келесісі тұрғындардың билікпен қарым-қатынасы. Ол да маңызды», - деп нақтылады Марат Башимов.

 Ал журналист Максим Рожин осы жолы Парламенттің құрамы жаңара түскенін және халықтың үлкен сенім артып отырғанын айтады. Мәжіліске келгендердің барлығы – талай жылдан бері түрлі бағытты жемісті еңбек еткен азаматтар. «Сондықтан алда ауқымды өзгерістер болады» деп сөзін сабақтады Рожин.

«Бұл шақырылымда жаңа адамдар көп. Осы уақытқа дейін түрлі бағытта өзін көрсете білген азамат көп. Мен сенімдімін, осы азаматтар осы шақырылымда депутат ретінде, депутат мәртебесін өздерін пайдаланып, соны іске асырады деп. Мен ойлаймын, өзгерістер күту керек» дейді депутат.

Мәжілістің кулуарында су жаңа депутат Ринат Зайытов Төменгі  палата мінберінде қандай мәселе көтеретінін айтты. «Мәжілісте көбіне айтыста көтеріліп жүрген мәселелерді айтамын. Өлең жолымен емес әрине, депутаттық сауал ретінде» дейді. Жаңадан сайланған депутат әлеуметтік желілерде айтылып жүрген сайлаудағы фальсификация мәселесіне келгенде, табандылық танытып жүргендер тиісті органдарға жүгініп, бастаған ісін аяғына дейін жеткізсе абзал  деген пайымда.

«Сайлаудағы фальсификацияға өзім де қарсымын. Басында бірмандаттық сайлау округінен кандидатурамды алдым. Одан кейін AMANAT партиясының партиялық тізімімен ұсынысқа келісім бердім. Өңірлерді аралап, халықпен кездескенімді көрдіңіздер. Жасанды кездесу емес, халықпен байланысуға тырыстық. Өз басым халықтың сенімі мен дауысы арқылы өттім деп айта аламын, Көп мәселені шешкім келеді. Ең алдымен, тіл мәселесі», - дейді Ринат Зайытов.

Мұрат Әбенов алдағы уақытта өңірлерді дамытуға ден қойғанымыз жөн деп есептейді. «Бюджеттің бар ақшасын мегаполистерге шаша бергеннен пайда жоқ деп отыр» депутат. Сондай-ақ жұмыссыздық пен жерге қатысты мәселелерді Парламентте көтеруге ниетті.

«Парламентте экономикалық мәселелерді көтеремін деп, осы бағытты бірінші орынға қойып отырмын. Кез келген реформа экономикамен байланысты ғой.Содан кейін, өңірлердің дамуы. Мен енді Қызылорда облысынанмын. Өңірдің проблемаларын беске білемін. Қызылорда облысында экология мәселесі қазір күйіп тұр. Су тапшылығы және бар. Қазір көптеген жұмыссыздық мәселесі, жерге қатысты проблемалар да бар. Өңірлер жоғары деңгейде дамымаса, өңірлер экономика жағынан мықты болмаса, бұрыңғыдай негізі назар Астанада мен орталық қалаларда болмауы керек», дейді мәжілісмен Мұрат Әбенов.

Адвокат Абзал Құспан кәсіби заңгер болғандықтан, Төменгі палатаның сот реформасы комитетіне тіркеліпті. Депутат алдағы уақытта да Парламентте елде қабылданатын заңдардың дұрыстығын саралап, сауатты әрі пайдалы құжат әзірлеуге ат салыспақшы.

«Мен кәсіби заңгермін. Бір ғана салада еңбек еттім. Сондықтан мен сайлауалды бағдарламада жеті тармақтың алтауы да заңға қатысты. Яғни заңдарды жетілдіру. Сапалы, дұрыс заңдарды қабылдау, көшірме заңдардан құтылу. Заңнама сот реформасы комитетіне тіркелдім. Яғни келген заңдардың барлығы біздің комитет арқылы өтетін болады», - деді депутат.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары