Ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ - Тоқаев популизмге жол бермеу жайлы
Президент жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналғанын айтты

Ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі», - деді ол.
Президент атағандай, реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді.
«Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Сондықтан, осы залды Мәжіліске тұрақты түрде пайдалану үшін беру керек деп ойлаймын. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды», - деді ол.