Халық өкілдігінің билігі идеясы кеңейе түсті – саясаттанушы
Нұрбек Пұсырманов халық саяси элита болуға мүмкіндік алғанын айтады

Саясаттанушы Нұрбек Пұсырманов Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бізде бір округтік мандат бойынша өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілді. Осы тұста халық өкілдігінің билігі идеясының кеңейе түскенін айту керек. Халықтың саяси элита болуға мүмкіндігі ашылды. Қоғамда саяси амбициясы бар адамдарға, қоғамда өзін танытқысы келген азаматтарға жаңа тетік пайда болды. Сондықтан өзін-өзі ұсыну мүмкіндігін пайдалануға болады. Сол азаматтар енді партиялық тізім бойынша сайлауға түсе алады. Демек, бұл азаматтық, қоғамдық қалыптасу процесін жетілдіреді», - деді саясаттанушы.
Ол 2004 жылы болған сайлаудың қорытындысы туралы да айтып өтті.
«2004 жылы осындай өзін-өзі округтан ұсыну процесі болды. ЕҚЫҰ-ның сол кездегі сайлау туралы қорытындысы бар. Онда бір партияның сайлауда бойкот жариялау ниеті туралы жазылды. Солар азаматтық қоғамды тежеп, демократияны әлсіретеді деп айтқан болатын. Демек, барлық партияның қатысуы Парламентте пікір алуандығының толысуына, кәсіби беделдің қалыптасуына ықпал етеді. Яғни, бұл кәсіби Парламенттің өміршеңдік рөлін арттырады», - деді Нұрбек Пұсырманов.
Еске сала кетейік, 19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды.