Қазақстан Ұлыбританияға өнім экспортын ұлғайтуға дайын – Смайылов
Ұлыбританияға 100-ден астам тауардың түрі жеткізілуі мүмкін

Астанада Премьер-министр Әлихан Смайылов Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлимен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан үкіметі Ұлыбританиямен барлық бағыт бойынша өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ниетті. Бұл тұрғыда Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы Қазақстан-Британ келісімін қабылдау маңызды қадам болмақ», - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, өзара сауданы кеңейту аясында Қазақстан Ұлыбританияға 100-ден астам тауар позициясы бойынша шамамен 8 800 млн сомаға өнім экспортын ұлғайтуға дайын. Бұл ретте энергетика бөлігінде "жасыл" сутекті өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыру, ал логистикалық салада Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту қызығушылық тудырады.
Өз кезегінде Джеймс Клеверли Қазақстанмен сауда қатынастарының маңыздылығын атап өтті.
«Ұлыбритания мен Қазақстан тамаша қарым-қатынаста, олар өте берік және үлкен өсу әлеуетіне ие. Бұл біздің қауқарымыз бен болашаққа қандай перспективалар ашылатынын талқылауға мүмкіндік береді», - деді Клеверли.