$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.03.2020, 10:11
Саясат

«Өкінішті». Қырғыз елшісімен кездескен Сенат спикері жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді атады

Әсіресе,  қазақ шаруалары ауыз су зардабын тартып отыр

«Өкінішті». Қырғыз елшісімен кездескен Сенат спикері  жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді атады

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаевты қабылдады деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қырғызстан елшісі өзара экономикалық іс-қимыл туралы айта келіп, екі ел басшыларының келіссөздері аясында тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу туралы келісімге қол жеткенін жеткізді. Сонымен қатар дипломат  Нұр-Сұлтан мен Бішкек қалалары арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесіне назар аударды және екі ел арасындағы кедендік өзара іс-қимылды жолға қою қажеттігін айтты. Ал Сенат басшысы екі елдің кеден заңнамасын қайта қарау қажет екеніне тоқталды.

«Контрабанда ағынын тоқтатайық, біздегі бизнеске табыс табуға мүмкіндік беріп, контрабанданың тиімсіз болуына ықпал етейік. Арзан тауар түсімі адал бизнеске зиян келтіреді», - деді Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар Сенат төрағасы өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалану тақырыбын да көтерді.

«Біздегі ортақ мәселе – су болып отыр.  Егін егу жұмыстары маусымы жақындаған сайын біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері суармалы судың тапшылығынан зардап шегеді. Бұл біздің фермерлердің өнім көлемін азайтады. Бұл өте сезімтал тақырып. Екі тараптың ортақ шешімге келуі аса маңызды. Су проблемасына байланысты бүкіл ауданның зардап шегіп жатқаны бізді алаңдатып отыр. Мұндай кедергілердің болғаны және жылдар бойы шешілмей келе жатқаны өкінішті», - деді Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева  кездесу қорытындысы бойынша судың тепе-теңдігі мәселелерін шешуде бірыңғай тәсілдерді әзірлеу үшін парламентаралық жұмыс тобының жұмысына қарқын беруді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары