Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz басшылығымен кездесті
Қазақстан президенті бірқатар маңызды кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушы Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені, қазақстандық «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованы қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе президентке цифрлық қызмет көрсету сервисінің және тиісті экожүйенің даму стратегиясы, сондай-ақ, Қазақстандағы электронды коммерцияның өсу перспективалары туралы баяндады. Компанияның шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөніндегі жоспарына ерекше мән берілді.
Мемлекет басшысына Kaspi.kz компаниясының акцияларын алдағы уақытта Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығының алаңдарына ашық түрде орналастыруға дайындық туралы айтылды.
Ләззат Рамазанова мемлекет басшысына «EcoJer» қауымдастығының жұмысы, өнеркәсіп орындарының ауа сапасын ластауын төмендетуге бағытталған технологияларды әзірлеу және енгізу туралы айтты.
Кездесу барысында жаңа экологиялық кодекс жобасының негізгі ережелері талқыланды. Мемлекет басшысы экологиялық заңнаманы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігіне тоқталды.