$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ресей СІМ өкілі Мария Захарованың шулы мәлімдемесіне еліміздің Сыртқы істер министрлігі жауап берді

Украина тарапы қазір Қазақстанға жіберу үшін жаңа елші іздеп жатыр

Ресей СІМ өкілі Мария Захарованың шулы мәлімдемесіне еліміздің Сыртқы істер министрлігі жауап берді

Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің Киевке қоныс аудармағанына наразы болған Ресей билігі күні кеше елші Ермек Көшербаевты РФ Сыртқы істер министрлігіне шақыртқан болатын. Шақыртып қана қоймай, СІМ өкілі Мария Захарова Қазақстан билігін «уәдені орындаған жоқ» деп те айыптап отыр. Осыған орай Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

Мария Захарованың пікірінше, орыс халқына қатысты «ауыр мәлімдеме» жасаған украин елшісі Петр Врублевский Киевке кетуі керек болған. Алайда, ол әліге дейін Астанада дипломатиялық миссиясын орындап жатыр.

«Өкінішке қарай, ол Астанаға қайта келмейді деген уәде орындалған жоқ. Аталған тұлға Қазақстан астанасында қайта пайда болды. Жай ғана пайда болған жоқ, ол дипломатиялық жұмысын жалғастырып жатыр», - делінген РФ СІМ ресми өкілінің мәлімдемесінде.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі болса Захарованың мәлімдемесі Қазақстан мен Ресейдің тең құқылы стратегиялық серіктесі ретіндегі одақтастық қарым-қатынасқа қайшы келеді дейді.

«Өздеріңіз білетіндей, Украина тарапына, сондай-ақ жұртшылыққа Қазақстан СІМ-нің Врублевский мырзаның арандатушылық мінез-құлқына қатысты принципті ұстанымы жеткізілді. Сондай-ақ, украин тарапына Врублевскийдің қазақстандықтардың, әсіресе этникалық орыстардың ар-ожданына нұқсан келтіретін мәлімдемелерінің қолайсыздығы туралы айтылды. Украина тарапына да осындай мәлімдеме елшінің жұмысына сәйкес келмейтіні туралы айтылды. Украиналық тарап мұны түсіністікпен қабылдады. Оны қайтарып алу туралы келісімге қол жеткізілді. Қазір Украина СІМ-нен жаңа елшіні тағайындау туралы өтініш түсті», - делінген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.

Еске салайық, биыл жазда Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский отандық блогерлердің біріне видеосұхбат беріп, Ресей халқына қатысты ауыр айыптар таққан болатын.

Серіктес жаңалықтары