Тоқаев: Қордайдағы қайғылы жағдайға жол берген қызметкерлер жазаланады

Автор: Azattyq Rýhy

Президент қазіргі уақытта Қордай ауданындағы жағдай тұрақты екенін айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы жағдай тұрақты екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мемлекет басшысының Twitter парақшасына сілтеме жасап.

«Қордай ауданындағы жағдай тұрақты. Бердібек Сапарбаев басқарған комиссия жұмысын жалғастыруда. Қайғылы жағдайға жол берген меморган қызметкерлері мен арандатушылар жауапқа тартылады. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Отандастарымызға азаматтық жауапкершілік ұстанымдары үшін ризашылық білдіремін», - деп жазды Мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.

8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.