Британия Ресейдің бірқатар тауарларынан салықты алып тастады
Британ үкіметінің сайтына антидемпингтік салық салынбайтын тауарлар тізімі шықты
Ұлыбритания Brexit-тің өтпелі кезеңі аяқталып, Еуроодақ құрамынан толық шыққаннан кейін Ресейге қатысты бірқатар сауда шектеулерін алып тастамақ.
Британ үкіметінің сайтына антидемпингтік салық салынбайтын тауарлардың тізімі шықты. Олардың ішінде алюминий фольгасы, ферросилиций, жіксіз құбырлар, мочевина және аммоний нитраты бар. Дегенмен, Еуроодақтың Ресейге салып отырған басқа салықтары әзірше өз күшінде қала береді.
Еске салсақ, 31 қаңтар күні Ұлыбритания шартты түрде Еуроодақ құрамынан шыққан. Azattyq Ruhy сол кезде Brexit-тің Қазақстанға тікелей әсері бар-жоқтығы туралы материал дайындады. Себебі, Британия Одақтан ажыраған соң тәуелсіз санкциялық саясатқа көшетіні белгілі болды. Соңғы жылдары ара-қатынасы аса «жақсы» болмаған Ресеймен байланысын да өзі шешетінін айтқанбыз. Ал Ресейге қарсы санкциялар Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындағы Қазақстанға да әсерін тигізуі ғажап емес. Бірақ экономист Айдархан Құсайынов басқаша пікір білдірген.
Оқи отырыңыз: Британия бүгін Еуроодақтан шығады. Не өзгереді?
«Риа Новости»-дің жазуынша, кеше Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко Brexit Ресей-Британия қатынасының күн тәртібін қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді деген пікір айтқан.
Негізінен Мәскеу-Лондон арасының нашарлауына бұрынғы РФ сыртқы барлау қызметінің офицері Сергей Скрипальдің өлімі себеп болды. 2018 жылы 4 наурызда ол қызы Юлиямен Британияның Солсбери қаласында уланып өлген. Аталған оқиға халықаралық дауға ұласты. Ресми Лондон Скрипальді Ресей билігі улады деп есептейді, ал Мәскеу мұны жоққа шығарды. Оған 2004 жылы мемлекеттік сатқындық жасады, Британияның құпия тергеу қызметімен ауыз жаласты деген айып тағылған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан