$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.01.2020, 12:36
Саясат

ЕАЭО: Өзбекстан шешімінен Қазақстан сабақ алуы керек  – саясаттанушы

Кеше Өзбекстан үкіметі өз өкілеттілігін тоқтатты

ЕАЭО: Өзбекстан шешімінен Қазақстан сабақ алуы керек  – саясаттанушы

Енді мемлекеттің Конституциясына байланысты жаңа Парламент сайлануы керек. Төменгі палатаға депутаттарды сайлау 2019 жылы 22 желтоқсан мен 2020 жылдың 5 қаңтары аралығында, ал Сенатқа сайлау 16-17 қаңтарда өтті. Сондықтан, заңға сәйкес Үкіметтің басшысы өз қызметінен кетті. Қайта жасақталған Олий Мәжіліс пен Сенат депутаттары бүгін, 21 қаңтарда біріккен отырыс өткізіп жатыр. Оған президент  Шавкат Мирзиёев қатысып, Парламент жаңа премьердің кандидатурасын бекітеді.

Мирзиёев «ұпай» жинады ма?

Өзбекстан Президенті елдегі өзгерістер қарсаңында саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерге қатысты мәлімдемелер жасады. Соның ішінде  Еуразиялық экономикалық одаққа кіру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Біздің көптеген отандастырымыз шет елдерде, соның ішінде Қазақстан және Ресейде еңбектеніп жүр. Біз бұл жағдайда бейтарап болмауымыз керек. Мен бір нәрсені қаперден шығармауды сұраймын. Өзбекстан ешкімге өз тәуелсіздігін беріп қоймайды және оған жол жоқ. Тәуелсіздік өзбек халқы таңдаған Президенттің қолында. Біз бұл одақтың мүшесі болмаймыз»,- деді Өзбекстан президенті.

Өзбек басшысы елдегі саяси оқиғалар мен билікті нығайту жолында халық алдында ұпай түгендеу үшін, осылай мәлімдеді деп айтып жатқан сарапшылар баршылық. Әсіресе, Ресей саясаттанушылары мен пропагандаға жұмыс жасайтын телеарналардың «ойы» осыған тоғысады.

Қазақстандық саясаттанушы, Ауғанстан, Орталық Азия және Кавказ мәселелері бойынша сарапшы Александр Князев  Шавкат Мирзиёевтің позициясы Қазақстан, Ресей және Өзбекстан үшін ең оңтайлы шешім деп есептейді. Себебі, Өзбекстан ЕАЭО процесінің бұрыннан қатысушысы емес.  Осы күнге дейін жүріп өткен интеграциялық форматқа кіру Өзбекстан үшін ауыр болады. Стандартизация, сертификация, өнімдерді бір қалыпқа салу оңай соқпайды. Сондықтан өзбек басшысының осылай кесіп-пішіп айтуы заңдылық.

«Өзбекстан экономикасы айтарлықтай дамыған, ол Қырғызстан немесе Армениямен салыструға да келмейді. Сондықтан бұл елде еңбек миграциясы сияқты мәселе бар. Бұл да Қырғызстанмен салыстыруға келмейді. Қырғыздар Ресей және Қазақстанмен еңбек миграциясын оңай заңдыстыра алды. Ал Өзбекстан үшін бұл оңай емес. Кедергі көп. Сондықтан өз бетінше экономиканы дамытуға мүдделі, ал еңбек мигранттары оларға масыл емес, керісінше сырттан қаржы тартып жатыр»,- дейді А. Князев.

Өзбекстанның сыртқы саясаттағы көпвекторлы ұстанымы Ислам Каримов жасап кеткен модель. Шавкат Мирзиёев оны сәтті жалғастырып жатыр. Бұл сыртқы саясатта ең ұтымды қадам. Сондықтан  Ресеймен де, Қазақстанмен де, Батыспен де қарым-қатынасты тең дәрежеде  ұстап қалғысы келеді. Оның үстіне аймақта кез-келген экономикалық немесе саяси альянсқа оңай кіріп-шығатын бір ел болса, ол - Өзбекстан.

«Өзбекстаның Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы ретінде отыра бергені дұрыс. Иран, Вьетнам сияқты елдермен еркін сауда айналымын жолға қойған ЕЭО Өзбекстанмен де осындай қарым-қатынасты жасай алады ғой»,- дейді белгілі саясаттанушы.

«Украина мен Өзбекстан да одаққа кіруге міндетті»

Ресей Федерациясының бұл тұрғыдан пікірі айқын. Олар Өзбекстан одаққа кірсе екен деген позициясынан танбайды. Былтыр қазан айында Ресей Федерациясы Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіруді жеделдетуі керек деп мәлімдеді. Ол Өзбекстанның «Олий мәжілісі» парламенттік палатасының басшысы Нұрдинжон Исмоиловпен кездесу барысында осы мәселені көтерген.

«Біз Өзбекстан президентінің ЕАЭО қатарына кіруіне орай шешім қабылдап, осы мәселе төңірегінде ел ішінде талқылаулар жүріп жатқанын білеміз. Ендеше аталған сұрақтың ерте ме, кеш пе оң шешім табатынына үміттенеміз» деген еді ресейлік саясаткер.

Оқи отырыңыз: «Ойланбай жасалған мәлімдеме» - өзбек сарапшысы ЕАЭО-қа қатысты Валентина Матвиенконы сынады

Александр Князев Матвиенко мен ресейлік өзге де саясаткерлердің мәлімдемелері стратегиялық, саяси тұрғыдан дұрыс. Бірақ кеш қалды, енді талап етуге моральдық құқығы жоқ. Бәрін экономикалық жағынан салмақтау керек деп санайды сарапшы.

«Егер Өзбекстан ел қатарлы 2010 жылдары одаққа кірген кезде, жағдай басқаша болар еді. Үш мемлекет Қазақстан, Ресей және Белорусия Кедендік одаққа біріккенде Ресей басшысының айтқаны есімде.  Өзбекстан мен Украина бұл одаққа кіруге міндетті. Бұл бұрынғы кеңестік елдердің екі елі.  Бұл болашақ одақтың экономикалық өркендеуіне аса қатты серпіліс береді деп үміттенген. Алайда ол жоспар орын алмады», - дейді А. Князев.

Өзбекстан жат ағымдарға жойқын соққы берді 

Қазақстан Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, саясаттанушы Серік Нұрмұратов көрші елдің таңдауын сыйлауымыз керек. Бірақ өзбек елінің одаққа бірігуінің негізгі үш тиімді жағы бар деп есептейді. Олар экономикалық, рухани байланыстар және мемлекеттік қауіпсіздік мәселелері. Қазақстанмен осы альянс аясында ынтмақастық күшейсе, сауда-саттық дамып, арзан ауылшаруашылық өнімдеріне жол ашылады. Сарапшы екі тарап кәсіпкерлері үшін де салықтық ауыртпашылықтар азаяды. Одақта болмаған соң, салықтық шектеулер көбейіп, елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынас дамымайды дегенді айты.

«Тек экономикалық байланыс емес, рухани, мәдени байланыстарымызды да  жаңғыртуымыз керек. Анау Еуропада жатқан елдермен біздің мәдениет саласы мамандары тығыз байланыс орнатқан. Концертке барады, жазушылар барып қайтады. Мынау ағайынды халықтармен бұл тұрғыдан араласу жоқ. Қазақтың бір миллионнан астамы Өзбекстанда, ал қазақ жерінде 300 мың өзбек бар. Олардың келіп-кетуі, араласуы Одақ аясында тиімді болар еді. Орталық Азия Еуразиялық кеңістіктің бір бөлігі. Десе де біз көрші елдің таңдауын сыйлауымыз керек»,- дейді философия ғылымдарының докторы.

Сарапшы Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіндегі тәжірибесі бізге үлгі бола алатынын айтады. Бұл ел діни экстремизммен күресте және жат ағымдардың ел ішінде бүлік салуына жойқын соққы бере білді.

«Кезінде Өзбекстан әр түрлі діни радикалдық ағымдардың бәріне шектеу қоя білді. Ауғанстан, Пәкістан және Иран жақтан теріс пиғылдылардың бері өтіп кетуіне тосқауыл болды. Бұл бізге де тиімді. Осы жағынан бұл елдің билігі авторитарлық бағытта деп қанша сынасақ та, бізге оңды болғанын мойындауымыз керек. Сол саясатын ұстанып отырса, біз үшін пайдалы. Сондықтан рухани, дін, мәдениет жағынан да сыйластықты арттыру керек деп отырғарым осы. Ол үшін достық қарым-қатынас жеткіліксіз, заңдарды үйлестіріп, одақ деңгейінде сөйлесе білуіміз керек»,- дейді Серік Нұрмұратов.    

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары