Саясат Нұрбек: «Президент реформаларының негізгі принциптері – сабақтастық, әділеттік және прогресс»
«AMANAT» партиясы Алматыда митинг өткізіп жатыр

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының өкілі Саясат Нұрбек партия мен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастырауға уәде берді. Бұл туралы ол Алматыда Президенттің реформаларын қолдауға арналған митинг кезінде айтты.
«Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Біз партия мен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастырамыз», - деді депутат.
Сондай-ақ, ол Президенттің жүзеге асырып бастаған реформаларының маңыздылығына да тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі таңда жүзеге асырып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытының негізгі принциптері – сабақтастық, әділеттілік және прогресс болды. Мемлекет басшысының ұстанымына айналған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақмерзімді нық қадамы».
Айта кетейік, дәл қазір Алматыда ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жолдауында жарияланған саяси реформалар бағдарламасын қолдау мақсатында митинг өтіп жатыр. Жиынды «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырған.