$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.01.2020, 17:47
Саясат

«Путин Назарбаевты қайталап жатыр» - Ресей билігін қандай өзгеріс күтіп тұр?

Кеше кешке Ресей Федерациясының Үкіметі толық құрамда отставкаға кетті

«Путин Назарбаевты қайталап жатыр» - Ресей билігін қандай өзгеріс күтіп тұр?

Думаның құзіреті күшейтілді

Сөйтіп, 8 жыл бойы тапжылмай министрлер кабинетін басқарған Дмитрий Медведев өз еркімен қызметінен босатылды.  Артынша Владимир Путин Премьер-министр Дмитрий Медведевке елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ұсынды.

Арада бірнеше сағат өткеннен  кейін Путин Премьер-министрлікке кандидат ретінде салық қызметінің басшысы Михаил Мишустиннің атын атап үлгерді.

Осы мәлімдемелердің алдында ғана Кремль қожайыны халыққа жолдау жасап, Конституцияға өзгерістер енгізілетінін айтқан. Жаңа нормаларға сәйкес, енді бір адам үшінші рет қатарынан Президенттікке кандидат бола алмайды. Мемлекет басшылығына үміткерлікке тіркелу үшін азамат Ресейде 10 жыл емес, 20 жыл тұруы керек. Бұрын шетел азаматы болғандарға да сайлауға түсуге тыйым салынды.

Конституциядағы айтулы өзгеріс – Мемлекеттік думаның құзіретінің күшейтілуі. Қазір Үкімет басшысы мен министрлерді Президент тағайындаса, осы шешімді алдағы уақытта депутаттар қабылдайтын болады.

Сонымен бірге Путин өзі төрағасы болатын Мемлекеттік кеңестің құзіретін күшейту ұсынысын айтты.

Теріскейде табан асты болған ауыс-түйіс көршілерден бөлек, Батыс елдері үшін де күтпеген жағдай болды.

ТМД президенттерінің тағдыры бір

 «Azattyq Ruhy»-на сұхбат берген саясаттанушы Айдос Сарым бұған ұқсас әдістерді енді тек Ресей емес, ұзақ жылдар билікте отырған басқа да ТМД басшылары қолдана бастайтынын айтады.

«Бұл - бүкіл ТМД елдері Президенттерінің басына келетін жағдай. Бәрі де ойлана бастайды. Путин де соны бастан өткеріп жатыр. Енді Эмомали Рахмон (Тәжікстан Президенті –авт.) бар, Лукашенко (Беларусь Президенті –авт.) бар. Олардың да элиталары бәрін көріп отыр. Олар да «Қазақстанға қарасаңдаршы, былай істеп жатыр, бізде осының бір түрін жасайық» деген ойлар айтады», - дейді ол.

Саясаттанушының әңгімесі Путиннің енгізіп жатқан «транзиталды» өзгерістері қазақстандық модельге ұқсағанымен, әсері бөлек болады дегенге саяды.

«90 жылдары бәрін Ресейден көшіретін кезді де көрдік. Енді Ресей кей саяси механизмдерді бізден алатын уақыт та келген сияқты. Путиннің шешімін дәл Қазақстанның моделі деп айтуға болмайды. Бірақ біздің моделге келетін транзиттік жолды таңдаған сияқты. Ескеретін жайт – Ресейдің қазіргі қоғамдық жағдайы да, саяси жағдайы дп, Путиннің өзінің жағдайы да мүлдем бөлек деп айтуға болады. Себебі үлкен федерацияны біздегідей қауіпсіздік кеңесі деген жүйемен басқару өте қиын. Дегенмен ұқсастықтар бар», - дейді бұған қатысты А.Сарым.

Сонымен қатар ол өзі туралы «Мен болмасам Ресей құрып кетеді, миссияндық рөл атқарып жүрмін» деп ойлайтын Путиннің билікті тастап кетуі екіталай екенін де алға тартты. Ал, тіпті, кетіп қалса да құрлықтағы ең ұзын шекараны бөлісіп жатқан Қазақстанмен экономикалық-саяси байланыста айтарлықтай өзгеріс бола қоймайтынына сенімді.

Досым Сәтпаев та өз Facebook парақшасында Ресей билігінде Қазақстанға ұқсас өзгерістер басталғанын жазды.

«Путин Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы осыны (Қазақстанға ұқсас транзит әдісін – авт.) бастап кеткен секілді. Оның билік құмарлығы дегенін қылды. Қалай болса да, бастысы, «таудың патшасы» болып қалғысы келеді», - деген жазба қалдырды ол.

Ресейдің мемлекеттік кеңесі мен Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің айырмашылығы қандай?

Ресей Федерациясында Қауіпсіздік кеңесі мен Путин басқаратын мемлекеттік кеңес екеуі екі бөлек құрылым. Мемлекеттік кеңес – мемлекеттік органдардың өзара әрекеті мен қызметтеріне қатысты Президенттің құзіретін жүзеге асыратын кеңесші орган. Оның төрағасы – Президент. Құрамына мемлекет басшысынан бөлек, Мемлекеттік Дума төрағасы, федералды округтардағы Президенттің өкілдері, министрлер, Думадағы партия фракцияларының жетекшілері кіреді. Кеңестің денсаулық сақтау, мәдениет, экономика, білім-ғылым, тағы басқа барлық маңызды салаларға қатысты 16 жұмысшы тобы бар. Олар мемлекеттік органдардан кез келген шешімдерге қатысты есеп талап ете алады. Путин кешегі мәлімдемесінде дәл осы кеңестің статусын Конституцияға бекітуді ұсынған еді.

Ал Ресей федерациясының Қауіпсіздік кеңесі ұлттық, қоғамдық және жеке бастың қауіпсіздігін, мемлекетті сыртқы және ішкі қауіптерден қорғау шараларын бақылайды. Конституциялық орган Президенттің адамдар құқығын және РФ тұтастығын қорғау жолындағы  конституциялық қызметін жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл кеңеске де Президент Төрағалық етеді. Құрамында Премьер-министр, Ішкі, сырқы істер және қорғаныс министрлері, Дума төрағасы, Федерация Кеңесі төрағасы, Президент әкімшілігі басшысы, федералдық қауіпсіздік қызметінің, тергеу қызметінің, басшылары бар.

Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің міндеттеріне:

«Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау кіреді», деп жазылған Кеңес жарғысында.

Қауіпсіздік Кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін тиісті шешімдер мен ұсыныстарды әзірлейді және қабылдайды, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.

Кеңестің Жарғысындағы мәтінге сүйенсек, ол Ресейдің мемлекеттік кеңесінің де, қауіпсіздік кеңесінің де жұмысын біріктіреді деуге болады. Ішкі, сыртқы қауіпсіздікке де жауап береді, мемлекеттік органдардың жұмысын бақылап, лауазымды  қызметтерге тағайындауларға да қатысады.

Ресейден әзірге басты ерекшелігі сол, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті өмір бойына басқару құқығына ие болды. Ресейдегі мемлекеттік кеңестің мәртебесін көтергісі келіп жатқан Путин де сондай құқық ала ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Серіктес жаңалықтары