Қытай АҚШ-тан 200 млрд доллардың тауарын алатын болды

Бұл қадамды Си Цзиньпин шиеленісіті шешу жолындағы бастама деп отыр

АҚШ пен Қытай бітімге келді. Ақ үй қабырғасында өткен келіссөзде ресми Бейжің құны 200 млрд доллар болатын америкалық тауарды сатып алуға уәде етті, деп хабарлайды 24.kz

Ал Вашингтон баж салығын алып тастауы мүмкін. Дегенмен, бұл бас-аяғы бір жарым жылға созылған шиеленісті жөнге келтірудің алғашқы кезеңі ғана. Шынында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Лю Хэ Ақ үйде кездесіп, сауда келісімінің алғашқы бөліміне қол қойды. Бұл қадамды Си Цзиньпин шиеленісіті шешу жолындағы бастама деп отыр. Дональд Трамп та кездесудің тарихи сәт екенін атап өтті.

«Бұл келісім БАҚ өкілдері жазып жатқаннан да ауқымды. Тіпті түрлі саланы қамтиды. Зияткерлік меншіктен бастап, валютаға дейін бар. Бұл келісім барлығы ойлағаннан да маңызды әрі ауқымды құжат», - деді АҚШ президенті Дональд Трамп.     

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ бұл келісім екі ел үшін бірдей маңызды екенін атап өтті. 

«Президент мырза, сізбен толықтай келісемін. Бұл келісім Бейжің мен Вашингтон және әлем үшін өте маңызды», - деді ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Хэ.

Алдымен сауда келісімінің шарттарына тоқталсақ. Бекітілген құжат қай тарапқа тиімді екен? Біріншіден, Қытай америкалық тауарларды көптеп сатып алуға уәде берді. Екіншіден, америкалық Visa, Mastercard және American Express компаниялары Қытайдың төлем нарығына шығатын болады. Үшіншіден, келісімге патенттерді қорғау және контрафактілік өнімдермен күрес ережелері кіреді. Америка болса жауап ретінде жоспарланған баж салығын салмайтын болды. Бірақ, бұған дейін тауарларға бекітілген тарифтер өзгеріссіз қалады. 

«Бұл тараптар арасындағы келісімнің алғашқы кезеңі ғана. Егер мұндағы шарттар орындалса екі ел мен әлем бойынша экономикалық өсім қарқын алатын болады. Тарихи құжатқа тараптардың қол қоюы қиынға соқты. Сондықтан өте маңызды келісім дер едім», - деді Ақ үйдің экономикалық кеңесшісі Ларри Кадлоу.

Трамп пен Кадлоудың мақтауына қарамастан, Конгресстегі демократтар бұл құжатқа күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, Бейжің тарапы жүктелген шарттардың бірде-біреуін орындамайды. Құжатқа қол қою тек салықтан босаудың амалы.

«Трамп қытайлықтардың құр уәдесіне алданып қалды. Сонша жар салғанымен, бұл келісімнің болашағы жоқ. Тараптардың шиеленісінен зардап шегіп отырған кәсіпкерлер мен қарапайым жұмысшыларға еш көмегі болмайды. Президент аузын толтырып айтқанымен, халық шындықты білуі керек. Келісім америкалық бизнеске тек шығын әкеледі», - деді Сенаттағы демократтар көшбасшысы Чак Шумер.

Десе де, бұл келісім қор нарығына тиімді. Бүгінгі сауданың өзінде америкалық қор индекстері рекордты деңгейге көтерілді. Яғни, әрқайсысы кемінде бірден үш процентке дейін қымбаттады.

Сауда келісіміне сарапшылардың болжамы да сан түрлі. Бірі Қытай тақырға отырды десе, енді бірі мұны Трамптың сайлау алдындағы кезекті ойыны дейді. Кім біледі? Мүмкін Қытай мен АҚШ келісіміне Ақ Үйдің келесі басшысы қол жеткізетін шығар. Себебі өкілдер палатасының делегаттары импичмент ісіне қатысты дәлелдемелерді Сенатқа өткізіп те үлгерді.

«Бұл тарих. Менеджерлер Сенатқа қажетті құжаттарды тапсырды. Президент билігін асыра пайдаланып, Конгресстің жұмысына кедергі келтіргені үшін жауап береді», - деді Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси.

Сенаттағы тергеу келесі аптада басталады. Дегенмен, Трампты биліктен кетеді деуге әлі ерте. Өйткені конституцияға сәйкес импичментті жүзеге асыру үшін сенаторлардың үштен екісі қолдау білдіруі керек. Ал Сенаттағы басымдық республикалықтарда. Және олардың ешқайсы әлі Трампқа қарсы шығып көрмеген.

Загрузка новостей...
Сұхбат
Нұр-Сұлтандық полиглоттың тіл үйретудегі құпиясы
«Сергек» қожайыны жоба туралы бар шындықты айтты
Қазақстан ЖОО-ларында 17 мыңға жуық Өзбекстан азаматы білім алып жүр