$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.01.2020, 14:50
Саясат

«Элитааралық текетірес те болуы мүмкін» - Бақауовқа байланысты саясаттанушылар пікірі

Әкімдердің бизнесі аймақтарды дамытуға кері әсер етеді

«Элитааралық  текетірес те болуы мүмкін» - Бақауовқа  байланысты саясаттанушылар пікірі

БАҚ-та және әлеуметтік желілерде тарап жатқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ұсталды деген хабарламаға қатысты танымал саясаттанушылар да пікір білдірді. Azattyq Rýhy тілшісі сарапшыларды тыңдап көрді. 

Саясаттаушы Талғат Қалиевтің айтуынша фейк жаңалық пен шынайы жаңалықты кейде ажырата қалмайтын жағдайға жеттік. Тергеу амалдарына қатысты мәселеде тергеудің құпиялығы болатынын білеміз. Егер осы шығып жатқан ақпарат рас болса да, құқық қорғау органдары асықпайтын тәжірибе бізде бар. Екіншіден кінәсіздік презумпциясы барын ескеру керек. Сондықтан құзырлы органдар адамның кінәлі екеніне керекті дәлелдерді жинап алмай, ақпарат беруге асықпайтыны заңдылық, дейді саясаттанушы .   

«Танымал адамдардың айналасында түрлі алып-қашпа әңгімелер болады, беделін түсіруге байланысты ақпараттық майдан да жүріп жатады. Десе де кешелі бері орын алған жағдайды мен  қазіргі медиа кеңістіктің үлкен проблемасы дер едім.  Журналист өзінің жазған мақаласы немесе басқа да ақпараттары үшін жауапкершілікті түсінеді. Керек болса, мойнына алады.  Ал блогерлер мен анонимдік ақпарат көздері бұл жауапкершіліктен босатылған. Сондықтан мұндай фактілер бола береді, тіпті соңғы кезде жиілеп барады»,- дейді сарапшы.

Талғат Қалиев Павлодар облысының орталығынан тараған ақпаратқа қатысты «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген қағиданы жоққа шығармайды. Мүмкін сол әкімдікте істейтін өзге қызметкерлерге қатысты тексеру болған шығар. Бірақ ресми ақпарат шыққанша, осындай жұмбақтың шешімін әркімнің өзінше іздеуі абырой әкелмейді деп есептейді Т.Қалиев.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров Павлодар болысы әкімі Болат Бақауовтың ұсталуына қатысты тарап жатқан ақпарат жақсылықтың нышаны еместігін айтады. Бұл жалғыз Павлодар емес, барлық аймақтардағы дағдарыстың белгісі, облыс әкімдерінің беделі мен репутациясының таза еместігінің айғағы деп есептейді.    

«Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың түп тамыры аймақтарда. Сондықтан аймақтардағы әкімдердің дүниеге деген көзқарасы, олардың халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік мәселесін шешудегі әрекеттері, олардың жүріс-тұрысы елдегі саяси жүйеге тікелей әсер етеді.  Өйткені аймақтардағы халық орталықтағы биліктің бет-әлпетін сол өз өңіріндегі әкімдердің іс-қимылы арқылы бағалайды.   Әкімдердің кейбір солақай саясаты, олардың волюнтаризм мен формализмі жалпы билікке деген халықтың сенімін азайтып жатыр»-, деген ой айтады саясаттанушы. 

Сондай-ақ көптеген әкімдер өзі басқарып отырған өңірде ірі-ірі бизнестерге иелік етеді. Мұны тұрғындар да біледі және жиі айтады. Осы мәселе халықтың билікке деген сенімін әлсіретуге әсер етіп отыр. Облыстық әкімдердің көлеңкелі бизнеске жақын жүруі  республикалық деңгейде олардың жұмысын ақсатып, түрлі реформаларды тежеп   отырады. Сайыровтың ойынша Болат Бақауовқа қатысты ақпараттық тартысқа ресми органдар ғана нүкте қояды.  

«Бұл элита аралық  текетірес те болуы мүмкін, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы конкуренция да болуы мүмкін. Қазір құқық қорғау қызметтерінің ресми ақпараты шыққанша, бір нәрсе айту қиын. Дегенмен, осындай қадамның өзі облыстық әкімдердің деңгейіне, мәртебесіне өте жаман әсер ететіні анық. Сондықтан облыс әкімдерінің репутациясы таза болуы керек. Облыс басшыларының жүріс-тұрысы, олардың жұмысы, халықтың алдындағы беделі тұрғысынан қарағанда бүкіл әкімдердің жұмысын қайта қарау өзекті»,- дейді маман.

Ал белгілі қоғам қайраткері Айдос Сарым ақпарат ағынын бақылап отырғанын айтты. Ресми органдардың таратқан мәлімдемелеріне ғана сенетінін және өздігінен болжамдар жасауға асықпайтынын жеткізді.

«Иә, бір нәрсе болып тұр. Мен ештеңе айта алмаймын. Енді күте тұрайық, бір-екі күнде шешіледі, ол анық»,- деп Айдос Сарым қысқа қайырды. 

Айта кетейік, 15 қаңтарда кейбір сайттар мен  WhatsApp желісінде Болат Бақауов ұсталды деген мәлімет тарап кеткен еді. Осыған байланысты бүгін Павлодар облыстық әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Аймақ басшысы әкімдік ғимаратында емес, бірақ қалада жұмысқа қатысты шаруалармен жүргенін айтты.

Болат Бақауов 2016 жылдың наурыз айында Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Еңбек өтілін 1988 жылы Железин ауданы «Советский Казахстан» совхозының автогаражының жұмысшысы және жүргізушісі болып бастаған ол «Бақауов» шаруа қожалығының басшысы болды, кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары