Ә.Смайылов әйелдердің зейнет жасы 67-ге дейін ұзарады деген жоқ - баспасөз хатшысы

Қаржы Министрінің Мәжіліс қабырғасында «әлемде өмір сүру сапасының артқаны» туралы мәлімдемесі әйелдердің зейнет жасы туралы қате ақпараттың тарауына түрткі болды.  

Ә.Смайылов әйелдердің зейнет жасы 67-ге дейін ұзарады деген жоқ - баспасөз хатшысы

«Қазақстанда зейнет жасы 65-67 жасқа дейін ұзарады» деген тақырыппен шыққан ақпарат әлеуметтік желіде жылдам тарап кетті.  Фейсбук белсенділері http://kazaknews.kz дейтін сайттың атауына  мән бермей, мәселені ашық талқылауға шығарып жатыр. Ағылшын тілінің ережесі бойынша, ақпараттық портал атауы халықаралық стандартқа сәйкес қолданылатын «қазақ» сөзіне келіңкіремейді. «Казак» сайтының сілтемесін «NAQ» партиясын құрып, кезекті Парламент сайлауына түсуге дайындалып жүрген алматылық белсенді Тоғжан Қожалиева да іле-шала бөліскен. Ол «Мүмкін әйелдерді, біржола 90 жаста зейнетке шығарамыз», - деп ашуын білдіреді.

Сондай ақ, бұл ақпарат Нұр-Сұлтандағы 146 мың оқырманы бар пабликтердің бірінде тарап кетті. Жарияланым үш сағаттың ішінде 409 лайк, 300-ге тарта пікір жинаған. 100 -ден аса адам бөліскен.  

Алайда, ҚР Қаржы министрінің баспасөз хатшысы бұл ақпараты жоққа шығарып, «Azattyq Rýhy»-на пікір білдірді.

«Қаржы министрілігі бұл сұрақ бойынша шешім шығаратын органға жатпайды. Ал Әлихан Смайылов Премьер-Министрдің орынбасары ретінде Ұлттық сенім кеңесінде зейнет жасын төмендетуге байланысты көтерілген ұсыныстардың қарауға алынғанын және тиісті мемлекеттік органдар өз позицияларын даярлап жатқанын ғана мәлімдеді», - деді, Динара Әлімова.

Еске салайық, өткен аптада Мәжіліс отырысынан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары және Қаржы министрі Әлихан Смайылов елімізде адамдардың өмір жасы ұзарып жатқанын айтқан болатын. «67» деген сан министрдің аузынан сол кезде шыққан. 

 «Бүкіл әлемде әйелдер зейнетке 65,67 жасқа шығады. Себебі әлемде адамдардың өмір сүру сапасы жақсарып, жастары ұлғайып жатыр...Бізде де 65 жастан асқандар  көбеюде, олардың саны халықтың 7%-ынан асып кетті. Яғни, біз БҰҰ стандарттарына сәйкес халқы қартайып жатқан елдердің қатарындамыз. Егер біз зейнетақы жүйесі тұрақты және зейнеткерлерге лайықты өмір сыйлағанын қаласақ, елдегі барлық жүйенің тұрақтылығын қаматамасыз етуіміз керек», - деген, ол.

Әйелдердің зейнет жасы ұзартылатыны туралы шешімді  Қаржы министрлігі қабылдамайды. Мәселе күн тәртібіне шыққанның өзінде ол туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлауы тиіс. Заңгер Айдар Сейтхожин әлеуметтік желіде жалған ақпаратпен бөліскен адамдарға заңмен жаза көзделгенін айтады. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сай, жалған ақпарат таратқандарға 1000 АЕК айыппұл салуға болады, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, төрт жүз сағаттық қоғамдық жұмыс, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазаларының бірі қолданылады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.