Трамп Ирандағы шерушілерге парсы тілінде қолдау білдірді
Трамп Иран билігіне қарсы наразылық білдірушілердің батылдығына тәнті болғанын жеткізді
Дональд Трамп Twitter парақшасында Ирандағы наразылық шеруіне шыққандарға арнап парсы тілінде үндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дональд Трамп Иран билігіне қарсы наразылық білдірушілерге арнаған өз жазбасында олардың батылдығына тәнті болғанын жеткізеді.
Ол сондай-ақ, ирандық билік құқық қорғау ұйымдарына елдегі қарсылық шараларын бақылауға және барлық әрекеттерді хабарлап отыруға мүмкіндік беруі тиіс екенін атап өткен.
«Бейбіт шерушілерді тағы да басып-жаншу немесе интернетті өшіру әрекеттері болмауы тиіс. Сендерге бүкіл әлем көз тігіп отыр», – деп жазады Трамп парсы тілінде.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Иран билігі украиналық ұшақты қателесіп атып түсіргенін мойындаған болатын. Ал сол күні кешке Тегеранда жүзге жуық студенттің ұшақ апатынан қайтыс болған құрбандарды еске алу шарасы мыңдаған адамның үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен жаппай наразылық шеруіне ұласып кеткен болатын.