Атырауда батарея жұтып қойған сәбидің өліміне қатысты тың деректер жарияланды
Атырауда пульт батареясын жұтып қойған 11 айлық сәбидің өліміне қатысты жаға ұстатар деректер жария болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. «Прикаспийская коммуна» басылымының жазуынша, бала қауіпті затты жұтып қойғаннан кейін бес күн бойы жүрген.
22 желтоқсан күні Атырау облыстық балалар ауруханасына теледидардың қашықтан басқарылатын пультінің батареясын жұтып қойды деген күдікпен 11 айлық сәби жеткізілген. Баланы шұғыл түрде рентгенге түсіру барысында оның денесінде бөгде заттың бар екені расталған. Алайда, баланы тексеріп көрген дәрігер баланы үйіне қайтарып жіберген. Ал ата-анасына баланы ертең таңертең алып келу керек екенін айтқан. Ертесіне, 23 желтоқсан күні кішкентай науқасты қабылдаған кезекші хирург оны педиатрға жіберген.
«Алайда педиатрға кіре алмаған ата-ана балаларын қайтып үйге алып кетеді. Үш күн өткен соң бала ауыр халде тағы облыстық ауруханаға жеткізіледі. Бірден хирургия бөліміне жатқызылған сәбиге дәрігерлер жалпы наркоз егіп, бөгде затты эндоскопия арқылы алуға тырысады. Бірақ батарея тым үлкен болғандықтан, алып шығу мүмкін болмады.
27 желтоқсан күні балаға сырттан шақыртылған эндоскопист дәрігер операция жасайды. Бөгде затты алу барысында баланың асқазаны тесіліп кеткені байқалған. Шұғыл ота жасалғанына қарамастан, сәбидің жағдайы тек нашарлай берген, оған тіпті реанимациялық шаралар да көмектесе алмаған. Ертесіне таңертең бала жүрек және тыныс жеткіліксіздігінен қайтыс болған», – деп түсіндірді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтың айтуынша, бала өлімі дерегі бойынша қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.