ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы тексеру кешендерін арттыру керек – Тоқаев

Тоқаев пен Путиннің қатысуымен онлайн форматта форум өтіп жатыр

көрнекі фото

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы автомобиль өткізу пункттері қосымша өзгерістерді талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында екі ел шекарасында заманауи инспекциялық-тексеру кешендерінің санын арттыруды ұсынді.

«Біздің шекарадан өтетін жүк тасымалдаушылардың проблемасына жеке тоқталғым келеді. Бұл біз үшін маңызды мәселе. Қазақстан-Ресей шекарасында 30 автомобиль өткізу пункті жұмыс істейді, олардың бесеуі ғана инспекциялық-тексеру кешенімен жабдықталған. Өкінішке қарай, олар арагідік істен шығады. Нақтырақ айтқанда, біз Саратов облысы, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен және басқалармен шекаралас пунктерді айтып отырмыз», - деді Қасым Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресейдің шекара қызметі автокөлік құралдарының жүк бөлімдерінде технологиялық өтуді қамтамасыз ету үшін жаңа талаптар енгізгенін ескере келе, мұндай өзгеріс жүргізушілерге қолайсыздық тудырғанын тілге тиек етті.

«Қазір жүргізушілер жүкті тікелей тексеру аймағында тиелген заттарын түсіруге мәжбүр, бұл көп жағдайда жүктің бұзылуына әкеледі. Тасымалдаушылар автокөлік құралдарының мүмкіндігін толықтай қолдана алмайды. Мысалы, Газельдер 8 тоннаның орнына 4-тен 6 тоннаға дейін тұтыну тауарларын тасымалдайды. Осылайша 30-40 тонна жүк орнына 15-20 тонна тауар тасымалдауға тура келеді. Нәтижесінде көлік шығындары артып, тауарлардың бағасы өсуде», - деді Тоқаев.

Президент мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кез келген елдің басты міндеті екенін, бұл ретте Қазақстан мұндай шараларға түсіністікпен қарайтынын жеткізді. Осылайша Мемлекет басшысы өткізу пункттерін заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен қосымша жабдықтаудың маңыздылығына баса назар аударды. Бұл коммерциялық транзиттің қауіпсіздігі мен жылдамдығы мәселелерін шешуге ықпал етпек.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан