$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.09.2021, 18:52
Саясат

«Экологиялық апат»: Қапшағай су қоймасында небәрі 5 мың тонна балық қалды

Көлдегі балық қоры үш есеге дейін азайып кеткен

«Экологиялық апат»: Қапшағай су қоймасында небәрі 5 мың тонна балық қалды

Қапшағай су қоймасына бағалы балықтар жіберілді. Үкіметтің тапсырысымен көл маңындағы тоғандарда миллиондаған шабақ өсіріліп жатыр. Арнайы тоғанда өсірілген шабақтардың 320 мыңы Іле өзені мен Қапшағай су қоймасына жіберілді. Алдағы екі аптаның ішінде тоғандағы тағы 2,2 млн шабақ айдынға ауыстырылады. Алайда, шабақтар миллиондап өсірілсе де, көлдегі балық саны көбейер емес.

Облыста балық аулаумен айналыстаын кәсіпкерлер саны көп болғанмен, балықты өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтар аз. Қапшағай мен Іленің балығын көбейтумен тек екі ірі шаруашалық айналысады.

Абай Шәдібаевтың балық өсіретін тоғандарды тазалап жүргеніне үш жыл. Бұрын мемлекеттің қарауында болған 1200 гектар аумақтағы алып тоғандар тозып, түгелдей арам шөп басып, тіршілік тоқырауға ұшыраған екен. Ондаған миллион шабақ өсіріп, айдынға жіберуге мүмкіндігі болса да көлдегі балықты көбейтуге көмегі тимепті. Қиын кәсіпті қолға алған Абай Қасымбекұлына мемлекет 5 млн шабақ өсіруді тапсырған.

«Шаруашылықтың көлемі 1200 гектар, оның ішінде 800 гектары балық өсіруге арналған тоғандар. Биыл 5 млн шабақ өсірдік. Оданда көп өсіруге болады. Бірақ балықты өсіруге су жетіспейді. Жазда су көлемі азайып кетті. 200 гектар жердегі 19 тоғанды ғана қолдандық, қалған 600 гектар аумақтағы тоғандар бос жатыр. Үкіметтен қолдау болса шабақ өсіруге шамамыз келеді. Амур мен дөңмаңдайдың 540 мыңын және сазанның 2 млн шабағын Қапшағай мен Іле өзендеріне жіберіп жатырмыз. Бұл жер бұрын үкіметке қараған еді, тозып кеткен екен, енді осы жерді үш жылдан бері реттеп бітіре алмай жатырмыз. Бүгін 320 мың шабақты үш техникаға тиеп, көлге жібердік. Қазанынң ортасына дейін тағы 2,2 млн шабақты жібереміз», - деді Балық өсіру шаруашылығының бастығы Абай Шәдібеков.


Абай Шәдібеков

Үш облыстың аумағындағы жүздеген браконьермен тек 27 инспектор күреседі

Қапшағайда заңды түрде балық аулаумен айналысатын 24 шарушалық бар болса, заңсыз балық аулайтын браконьерлердің санын да, олардың қанша мың тонна балықты көлеңкелі бизнеспен нарыққа шығарып жатқанын да нақты ешкім білмейді. Барконьерлермен күресетін инспекторлардың саны аз, олардың техникалары да тозып кеткен. Ал браконьерлер қашса құтылатын, қуса жеткізбейтін қайықтарды мінеді. Балқаш, Алакөл, Қапшағай сынды көлдер Алматы облысы, Қарағанды, Жамбыл және ШҚО аумағында жатыр. Осыншама ауқымды жердегі балықтың заңсыз ауланып кетпеуіне небәрі 45 адам ғана жауапты. Онда да олардың жартысына жуығы кеңсе қызметкерлері. Небәрі 27 инспектор ғана кең даланы кезіп, браконьерлермен күресіп келеді.

«Инспекцияда қазіргі таңда 45 қызметкер жұмыс істейді. Біздің жауапкершілігімізге Балқаш, Алакөл, Қапшағай және өзгеде кіші көлдер, Іле өзенінің балығын және су жануарларын қорғау кіреді. Өңірде 25 балық шаруашылығы бар. Заңсыз балық аулау шараларымен күресу барысында 846 бірлескен рейд жасалды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген шаралар негізінде қылмыстық істер ашылды.

Балықты ірі көлемде заңсыз аулайтындар көп. Жуырда Қапшағай қаласында 600 кг балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталып, қолдануға тыйым салынған ұзындығы 200 км ау тәркіленді. Қызметкерлердің саны аз, онымен қоса біздің техникаларымыз да тозған. Көлік пен қайықтар ескірген. Браконьерлердің техникасы заманауи, біздікінен мықты. Комитет қазір инспекциядағы техникалық базаны жаңарту жұмыстарымен айналысып жатыр. Инспекциядағы қызметкерлердің айлығы да аз, небәрі 120 мың теңгенің айналасында», - деді «Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысы Алмат Сүйінбаев.

Балқаш-Алакөл бассейніндегі балықтың санын бақылап, зерттеумен арнайы ғылыми институт айналысады. Экология министрлігі институттың зерттеуі бойынша Қапшағай су қоймасынан жылына 1,1 мың тоннадан астам балық аулауға рұқсат берген. Бірақ шекті мөлшерден қанша мың тонна балықтың артық ауланып жатқанын ешкім білмейді. Өйткені сырттан келетін қаскөйлерді қоспағанның өзінде көл маңындағы бірнеше ауылдың тұрғындары түгелдей браконьерлікпен айналысады. Олар ұзақ жылдан бері заңсыз балық аулап, сатуды кәсіп қылған. Ұзындығы 120, ені 22 км асатын көлдегі балық саны 90 жылдармен салыстырғанда үш есеге азайып кеткен. Көлдегі байлықтың көбеймеуіне балықтың шамадан тыс көп аулануы және шабақ өсірудің дұрыс жолға қойылмауы себеп.

«Мемлекеттің жоспары бойыша амур балығы, ақдөңмаңдай және сазанды Іле өзенінің төменгі ағысы мен Қапшағай көліне жіберіп жатырмыз. Институтта Балақаш-Алакөл бассейніндегі тауарлы балықтардың санын және салмағын анықтаймыз. Соған байланысты жыл сайынғы балық аулау мен шабақтарды өсірудің шекті санын есептеп шығарамыз. Мысалы, былтыр бір жылда Қапшағай көлінен 30 тонна сазан балығын аулауға болады деп есептелген. Зерттеу бойынша әр түрлі жастағы, әр түрлі салмақтағы балықтардың жалпы салмағы 5088 кг құрады. Оның ішінде кәсіптік балықтардың салмағы 4383 тонна. Қапшағай көліндегі осы кәсіптік балық қорынан быр жылда 1169 кг балық аулауға квота бөлінген. Олардың орнын мынандай тоғанда өсірілген шабақтар арқылы толтырамыз. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңмен салыстырғанда көлдегі балық саны үш есеге азайып кеткен. Мысалы, қазір жылына 30 тонна сазан балығын аулауға рұқсат берілсе, кеңес кезінде 60 мың тонна балық аулау жоспары болған. Балық қорының азаюына әсер ететін факторлар өте көп. Адами антропогендік фактор, яғни заңсыз балық аулайтын браконьерлердің әсері бар. Уылдырық шашатын кезде қатаң шаралар жүргізілсе, балық аулауға берілген шекті көлем дұрыс сақталса, балықтандыру жұмыстары жоспарлы түрде атқарылса көлдегі балық қорын көбейтуге болады», - деді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты аквакультура зертханасының меңгерушісі Бердібек Әбілов.

Қапшағайда экспортқа шығарылатын бағалы балықтар да бар. Шаруашылықтарға түгелдей бөлініп берілген су қоймасында балықтың 33 түрі бар. Солардың ішінде ақ амур, ақдөңмаңдай, сазан, көксерке, жыланбас, ақмарқа, жайын, қаракөз, мөңке сынды 10 түрі аулауға рұсқат етілген, кәсіптік маңызы бар тауар саналады. Мамандар мемлекет мән берсе балық қорын көбейтуге болады деп отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары