Еламан Жолдасовтың денесі елге Жаңа жылға дейін жеткізіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Елші өлімінің нақты себебі әзірге белгісіз 

Фото: ашық дереккөзден

Египетте жұмбақ жағдайда қаза тапқан Еламан Жолдасовтың денесі туған еліне Жаңа жылға дейін жеткізіледі. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты.

«Әзірше тергеу жүріп жатыр, тергеудің нәтижесі біздің жаққа берілген жоқ. Сондықтан, күте тұрайық. Олар (тергеу материалдары – авт.) қазір Египеттің Бас прокуратурасында, сол елдің сыртқы істер министрлігі арқылы бізге беріледі», - дейді министр.

Ал, марқұмның денесі қашан туған еліне жетіп, жерленеді деген сұраққа министр «жақын арада» деп жауап берді.

«Жаңа жылға дейін, осы аптаның соңы, келесі аптада денесі елге жеткізіледі деп күтудеміз», - дейді Мұхтар Тілеуберді.

ҚР Сыртқы істер министрінің мәліметінше, қазір Еламан Жолдасовтың әйелі тергеу аясындағы «жұмыстарға өзі куә болып жүр».

Ал, әйелінің «Еламан Жолдасов суицид жасауы мүмкін емес» деген мәлімдемесіне қатысты сұраққа еліміздің Сыртқы істер министрі «өлімнің нақты себебін қазір айту қиын» дейді.

«Бірақ суицид ең бірінші нұсқа ретінде қарастырылып жатыр», - дейді ол.

Еске салайық, 13 желтоқсанда Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Қазақстан тарапы дипломаттың денесі елге жеткізілгеннен кейін де қосымша сот сараптамасын жүргізетінін мәлімдеп отыр.

Оқи отырыңыз: Еламан Жолдасов елшіліктен пиар үшін қомақты қаражат алған - зайыбы

«Қауесеттерге сену ақымақтық»: Сыртқы істер министрі елшінің өліміне қатысты пікір білдірді

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан