Ауғанстан президенті Қазақстанда емес - СІМ
Жексенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді
«Талибан» содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға шабуыл жасап, басып алды. Халықаралық ұйымдар дабыл қағып Ауғанстанда соңғы 72 сағатта ондаған бала қаза тапқанын жариялады.
Жексенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді.
Бұған дейін New York Times басылымы елінен кеткен Ашраф Ғанидің жұбайымен бірге Өзбекстанға аттанғанын хабарлаған еді. Тіпті, кей БАҚ-тарда Ауғанстан президентінің Тәжікстанға кеткені хабарланды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ашраф Ғанидің Қазақстанда емес екендігін мәлімдеді.
«Ол Қазақстанда емес», - деді ведомствоның ресми өкілі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты кешелі бері екінші рет жиын өткізді. Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл осы елмен бұдан былайғы ынтымақтастық бойынша шешім қабылдау үшін аса маңызды.