$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.12.2019, 15:30
Саясат

Қазақстан&Ресей: Келесі елші кім?

1994 жылдан бері 10 елші ауысқан 

Қазақстан&Ресей: Келесі елші кім?
Фотоколлаж

Тарих пен географияның өзгермейтінін ескерсек, геосаяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да жақын серіктес Ресеймен қарым-қатынаста үлкен бетбұрыстар күтіп тұрмағаны анық. Өткен уақыттағы тарихи сабақтастықты айтпағанда, жеті мың шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараның иелері арасында дипломатиялық қарым-қатынас елшілерге байланасты ма? Иманғали Тасмағамбетов 18 желтоқсан күні мемлекет басшысының қаулысымен Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды. Ресейдегі Қазақстан істері бойынша сенімді өкіл қызметін елшіліктің кеңесшісі Нұржан Қажақбаров атқаруға кірісті. Бірақ ол ресми түрде Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі қызметіне бекітілген жоқ. 

Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар постқа баратын келесі адам кім? Ол кадрлық дипломат па, әлде саяси салмағы басым белгілі тұлға болуы мүмкін бе? Бұл сауалдардың жауабын Azattyq Rýhy тілшісі белгілі саясаттанушылармен сұқбат барысында іздеуге тырысқан.   

Дипломатиялық қызметте екі жылға жуық отырған Иманғали Тасмағамбетовтің орнына келетін елші ұлттық мүддені ойлайтын, Ресей мен Қазақстан арасындағы тең құқықты және өзара тиімді байланыстарды қамтамасыз ете алатын азамат болуы керек. Ұлтшыл- патриоттық бағыттағы көзқарастарымен танымал Дос Көшім осындай пікірде. Ол Ресейдегі  қазақтың тарихи құндылықтарын зерттеуге, Алаш идеясының ақтаңдақтарын ашуға, екі ел арасындағы мәдени  байланыстарды нығайтуға Иманғали Нұрғалиұлы бір кісідей еңбек сіңірді. Ендігі елші де осы бағытты жалғастыратын тұлға болса ұтымды болады. Себебі Ресей мен Қазақстан арасында шұғыл шешетін саяси-экономикалық шиеленістерді реттейтіндей міндеттер тұрмағынын айтады

«Менің ойымша, ол жерге ұлтшылдығы басым адамның барғаны жөн. Тоқаевтың Қырымды аннексиялау жөнінде айтқан сөзін ескерсек, Кремль идеологиясынан тәуелсіз, біздің өзіміздің мемлекеттік мүддені қорғайтын ұлттық бағытты жақтайтын  адамның барғанын қолдайтын едім. Егер саясаткер барса,  Ресейге тым жақын орналасқан Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдерін емес, оңтүстік және батыстан шыққан, сонда жұмыс істеген адамның барғанын қалар едім»

Дос Көшім кейбіреулер айтып жүргендей Владимир Путин елшіні өзі Ақордамен ақылдасып, таңдап алады деген қауесетке сенбейді.  Бұл дипломатиялық тұрғыдан мәдениетсіздік болып табылады. Қазақстан кімді жіберетінін өзі шешеді деп ойлайды.

Белсенді бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыналатын кезеңі, журналистер де, саясаттанушылар да, жалпы қоғам қазір күтіп отыр. Саясаттың маңында жүрген адам ретінде осы арқылы Тоқаевтың келешегіне, қазіргі жұмысына саяси тұлға ретінде баға беретінін алға тартты.

Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясаттану инситутының директоры Сұлтан Әкімбеков Ресейдегі Қазақстан елшісі бұрынғы сабақтастықты үзбеуі тиіс деп есептейді. Солтсүтіктегі көрші елге Қазақстанның сенімді өкілі ретінде саяси салмағы басым тұлғаның барғаны абзал. Танымал саясаттанушы дәл қазір елшілікке нақты кімнің баратынын тап басып айту қиын екенін айтады.   

«Ресейде елші болу - ең маңызды лауазымдардың бірі. Теориялық тұрғыдан салмағы ауыр саясаткердің барғаны дұрыс. Мен техникалық жағынан алғанда  кадрлық дипломаттың баруы екіталай деп айтар едім. Бәрібір саяси тұлға баратынына сенімдімін.  Ресей тарапы да Қазақстанның елшілеріне әрқашан сыйлақстықпен, өз деңгейінде баға беріп, маңызды орындарға қояды. Ендеше ол жерге баратын елші де белгілі, саяси аренада өз орны бар белгілі тұлға болуы керек»,- дейді Сұлтан Әкімбеков.

Қазақстандық сарапшы Максим Казначеев керісінше танымал саясаткер емес кадрлық дипломатқа «бәс» тігіледі деп есептейді. Саясаттанушы елдің дипломатиялық саласына өзіндік ықпалы бар Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы бар мүмкіндігін пайдалануы керегін айтады.  

«Меніңше бұл жерде кадрлық дипломаттардың  елшілікке баруға мүмкіндігі басым. Өкінішке орай ондай кандидаттардың қазір нақты аты-жөндерін айтуға қиналып тұрмын.   Бұл екінші Президент үшін өте таныс сала және оның ықпал ету  тетіктері жоғары болады. Тоқаевқа берілген бұл «карт бланш». Меніңше оның дипломатиялық командасынан біреу баруы керек. Сыртқы істер министрлігінің екінші эшолонындағы шенеуніктердің қатарынан тағайындалатын болады. Ал саясаттағы ауыр салмақты тұлғалар бұл жолы Мәскеуге барамын деп алаңдамаса да болады», - дейді  ол

Қазақстан-Ресей дипломатиялық хронологиясына көз жүгіртетін болсақ, Ресей Федерациясы Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 17 желтоқсанда мойындаған. Ал тең құқықтық дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 21 қазаннан басталып, сол жылы елшілік құрылған. Мәскеудегі дипломатиялық кеңсеге алғаш болып орналасқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұров болды. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы және қазіргі кедендік одақтың тұжырымдамасының негізгі авторларының бірі. Саясаттану және экономика ғылымдарының докторы тәуелсіздік жылдары қазақ-орыс қатынасының жаңа кезеңге көтерілуіне ықпал етті.  

Қазақстан- Ресей дипломатиялық қарым қатынасының 27 жылдық кезеңінде Иманғали Тасмағамбетов 10-шы елші ретінде тарихқа енді. Үкіметте аз уақыт қызмет еткен Ғалым Оразбақовтан басқасының барлығы да елдегі беделді саясаткерлер әрі халыққа  танымал тұлғалар болатын. Ресей елшілігінде  ең ұзақ отырған Тайыр Мансұров. Ол бұл қызметте саяси мәнсабының 8 жылын өткізген. Ал дипломатиялық өкілдікті ең қысқа уақыт басқарған Алтынбек Сәрсенбаев, Жансейіт Түймебаев және Әділбек Жақсыбеков. Олар Ресей астанасында бір жылдан артық отырмаған.

1994 қаңтар- 2002 ақпан – Тайыр Мансұров

2002 қаңтар- 2003 қараша – Алтынбек Сәрсенбаев

2003 қараша- 2006 қаңтар- Қырымбек Көшербаев

2006 ақпан- 2007 қаңтар-  Жансейіт Түймебаев

2007 ақпан- 2008 қазан- Нұртай Әбіқаев

2008 қараша- 2009 маусым- Әділбек Жақсыбеков

2009 тамыз- 2012 сәуір – Зауытбек Тұрысбеков

2012 сәуір- 2014 қаңтар - Ғалым Оразбақов

2014 ақпан- 2017 қаңтар- Марат Тәжин

2017 ақпан- 2019 желтоқсан- Иманғали Тасмағамбетов

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары