Дональд Трамп өзінің жаңа әлеуметтік желісін ашты
Оның интерфейсі Twitter-ге ұқсайды
Америка Құрама Штаттарының экс-президенті Дональд Трамптың командасы 1 шілде күні GETTR атты жаңа әлеуметтік желі платформасын іске қосты деп хабарлайды америкалық Politico басылымы. Газеттің жазуынша, бұл мобильді қосымша ірі әлеуметтік желілерге балама болу керек.
Платформаның сипаттамасында оның басты мақсаты – «түзу ойлауды насихаттау, сөз бостандығын қорғау, әлеуметтік желілердің монополиясын тоқтату және әралуан идеялар мен ұсыныстарды талқыға салатын ашық платформа құру» делінген. Әлеуметтік желіні Трамптың экс-кеңесшісі Джейсон Миллер басқаратын болады.
Жаңа әлеуметтік желінің интерфейсі Twitter-ге өте ұқсас. Қолданушы платформаның басты бетінде «GETTR-ге қош келдіңіз және бізбен бірге саяхатыңыз сәтті болсын» деген мәтінді көре алады. Әлеуметтік желіге тіркелу процедурасы өте қарапайым: жаңа қолданушы бар болғаны лақап ат (никнейм) ойлап тауып, электрондық поштаның адресін және туған күні мен жылын енгізсе жеткілікті. Аталмыш қосымша App Store мен Google Play дүкендерінде бар.
GETTR интерфейсі өте қарапайым және түсінікті. Басты бетте қолданушы өзі жазылған адамдардың жариялаған жазбаларын оқи алады. Алайда, бір жазбаны жазу барысында қолданушыда Twitter желісіндегідей шектеу бар: 777 символдан артық мәтін жаза алмайсыз, алайда онымен қосып фото, эмодзи немесе gif-бейне салуға болады.
Әзірге әлеуметтік желіде интерфейсті қазақ немесе орыс тілінде оқи алмайсыз. Қолданушылар ағылшын, француз, испан, қытай, жапон және корей тілдерін таңдай алады.
Сарапшылардың айтуынша, GETTR интерфейсінің Twitter желісіне ұқсайтындығының себебі – Дональд Трамптың Twitter-ді ұнатуында. Сонымен қатар, жаңа платформа 30 миллион қолданушыны жинауы мүмкін. Ары қарай оның аудиториясының ұлғаюы желінің қаншалықты танымал болатынына және Трамптың оған қаншалықты жарнама жасайтындығына байланысты болады.
Еске салайық, 2021 жылдың басында әлемнің жетекші әлеуметтік желілері – Twitter, YouTube, Facebook және Instagram Трамптың аккаунттарын бұғаттап тастаған болатын. Бұндай шешімді платформалар экс-президенттің жақтастары Капитолийде басып кіріп, тәртіпсіздік орнатқаннан кейін қабылдаған болатын.
Президенттіктен кеткен Трамп бұл шараларды «екіжүзділік» және сөз бостандығына кереғар келетін қадам деп атаған болатын. Бұл мәлімдемеден кейін экс-президент Трамп алты ай көлемінде оның аккаунттарын қалпына келтіруге ұсыныс жасаған. Әлеуметтік желілердің әкімшіліктері «егер де экс-президенттің аккаунттары қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданатын болса, оның барлық қолданушыларға қатысты қолданылатын шаралар мен ережелердің аясында болуы керек» деп айтқан болатын.