Си Цзиньпинь Қытай халқына қысым көрсеткендердің басын қанға малыйтынын айтты

Елде компартияның 100 жылдығы атап өтілді

Си Цзиньпинь Қытай халқына қысым көрсеткендердің басын қанға малыйтынын айтты
Фото ашық дереккөзден

Шілденің алғашқы күні Қытай Халық Республикасы елдегі Коммунистік партияның негізі қаланғанына 100 жыл толуын мемлекеттік деңгейде атап өтті. Іс-шара Бейжің қаласындағы Тяньаньмэнь орталық алаңында Қытай лидері Си Цзиньпиннің және саяси элита өкілдерінің қатысуымен өтті. 

Партияның бас хатшысы Си Цзиньпин өзінің сөзінде Қытай коммунистік партиясының «шетелдік күштердің бір ғасырлық қудалауынан кейінгі Қытайдың ұлылығын қайтарғаны» жайлы айтты.

«Ұлттымыздың жаңғыруында партия үлкен еңбек атқарды, Қытай халқын біріктіріп, қанды шайқастарға қайтпас қайсарлықпен қарсы төтеп берді, жаңа демократиялық революцияда үлкен жетістіктерге жетті», - деп мәлімдеді партия төрағасы.

Сидің «ұлттық жаңғыру» деген сөзі ҚКП-ның негізі қаланғаннан бері «қанатты ұғымға» айналған. Жиын барысында ол Қытай Коммунистік партиясы болмаса, жаңа Қытай да, ұлттық жаңғыру да болмас еді деген пікір де білдірді. Қытай мен Батыс әлемі арасындағы қарым-қатынастың күрт нашарлағаны да Си Цзиньпиннің сөзінде жанама көрініс тапты.

«Қытай халқы ешқашан басқа халықтарды келемеждеп, қысым көрсетіп немесе құлдыққа жеккен емес. Мұндай жағдай ешқашан болған емес, орын алып жатқан жоқ және болмайды да. Сонымен қатар, Қытай халқы шетелдік күштерге өзін қорқытуға, қысым көрсетуге, құлдыққа түсіруге ешқашан жол бермейді. Мұны армандайтындардың барлығы 1,4 миллиард Қытай халқының қанынан және етінен тұрғызылған темір қабырғаға тап болып, бастарын қанға малып алады», - деді Қытай лидері. 

Үлкен жиын басталмас бұрын алаңға жиналғандардың үстінен Қытайдың әуе күштерінің 30-ға жуық ұшағы мен тікұшағы ұшып өтіп, олар «100» санын аспанда бейнеледі. Мереке соңында қатысушылар орындарынан тұрып, «Коммунистік партиясыз жаңа Қытай болмас еді» деп ән шырқады. 

Сарапшылар Си Цзиньпиннің бұл сөздерін АҚШ билігі геноцид деп таныған Қытайдың Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылмандарға қатысты жүргізіп жатқан саясатына және Гонконгтағы «азаматтардың бостандығын шектеп жатыр» деген айыптауларға жауабы деп бағалады.

Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленістің күшеюіне әкелген тағы бір фактор – Қытай билігі «бас көтерген провинция» деп таныған, Қытайдан бөлінуді қалайтын Тайваньға көрсетіп жатқан қысымы. АҚШ билігі бұл шиеленісте Тайваньды қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген. 

Аталмыш шараны жоғары деңгейде атап өту үшін билік ұзақ және тиянақты түрде дайындық жүргізген. Мысалы, сәуір айынан бастап елдегі барлық кинотеатрлар аптасына кем дегенде екі рет партияның еңбегі мен жетістіктері жайлы фильмдер көрсету міндеттелген. Сонымен қатар, мерекеге орай 100 рэп орындаушысы мен басқа да музыканттар «100%» әнін жарыққа шығарған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.