ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Армениядағы парламенттік сайлауда Никол Пашинянның партиясы тағы жеңді

Оппозиция өкілдері сайлау нәтижесін мойындамады

Фото: ИЗВЕСТИЯ

Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы кезектен тыс парламенттік сайлауда жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған ресми мәліметтерге сәйкес, үкімет басшысының партиясы сайлаушылардың 53,92% дауысын жинаған. Ал, оның қарсыласы және Арменияның экс-президенті Роберт Кочарянның «Армения» альянсы 21,04% дауыс жинап, екінші орын алды. Сайлауға түскен екінші экс-президент Серж Саргсянның альянсы 5,23% дауыспен үшінші орынға жайғасты.

Бұл жолғы парламенттік сайлау Армения үшін ерекше: бір уақытта 4 блок пен 21 партия жарысқа түсті.

Армения заңына сәйкес, парламентке өту үшін партия 5% барьерден өту керек, ал блоктар (альянстар) үшін бұл шек 7% құрайды.

«Сайлаушылар ықылас танытпайды» деген сарапшыларың болжамына қарамастан, сайлауалды кампания елдегі электоратты ұйыстыра алды. Армения Орталық сайлау комиссиясы деректеріне сүйенсек, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 49,4% (2,6 миллион адам) құрады. Ресми ақпарат бойынша, жексенбіде өткен сайлауда оппозияциялық көпшілік тұратын өңірлер белсенділік танытқан.

Бүгін таңертең премьер-министр айқын жеңіске жеткенін және парламентте партияның ең көп орынға ие болатынын жеткізіп, өз жақтаушыларын Ереванның орталық алаңына жиналуға шақырды.

«Армения халқы біздің «Азаматтық келісім» партиямызға және маған, премьер-министр ретінде елімізді басқаруға мандат берді», - деді Никол Пашинян нәтижелер жарияланған соң.

Алайда «Армения» альянсын басқаратын экс-президент Роберт Кочарян сайлау нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді.

«ОСК жариялаған сандар күмән тудырады және сенім ұялатпайды. Бұл нәтижелер соңғы 8 айда бақыланып жатқан қоғамдық өмірдегі процестерге қарама-қайшы. Сайлауалды кезеңдегі қалың бұқараны жинаған оппозиция митингтері, халықты ұйыстыра алмаған биліктің іс-шаралары, билікке деген сенім дағдарысы халық пікірінің мүлдем басқа екенін аңғартады», - деп наразылық білдірді Кочарян.

Десе де, мәлімдеме барысында экс-президент құқық бұзушылық бойынша нақты мысалдар келтіре алмады. Өз кезегінде Серж Саргсян басқаратын саяси блок билік тарапынан дауыс берушілерге қысым көрсетілді деп наразылық білдірді.

Армениядағы сайлауға 500-ге тарта халықаралық бақылаушы қатысты. Бақылауға қатысқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының эксперттері бүгін сайлаудағы өз бақылауының жалпы нәтижесі бойынша мәлімдеме жасайды деп күтілуде.

Мұса Қуандық, Нұр-Сұлтан