$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.06.2021, 20:21
Саясат

Президент 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті

Құжатта таяудағы бес жылда болуы мүмкін негізгі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылға баса мән берілген

 
Президент 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бұдан бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралып, мақұлданған және елдің ұлттық мүдделерін қорғауға қатысты тұжырымдамалық жағынан жаңартылған тәсілдерді қамтиды.

Стратегия – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша енгізілетін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің негізгі құжаттарының бірі. Осыған орай құжатта таяудағы бес жылда болуы мүмкін деп болжанып отырған негізгі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылға баса мән берілген», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, біріншіден, коронавирус пандемиясының жалғасуы және биологиялық қауіпсіздіктің басқа да қатерлері. Екіншіден, экономиканы, еңбек қатынастарын, әлеуметтік саланы, ақпараттық кеңістік пен коммуникацияны түбегейлі өзгертетін технологиялық өзгерістер. Үшіншіден, қаржы-экономика саласына әсер еткен сыртқы нарықтардағы дағдарыс жағдайы. Төртіншіден, жаһандық және өңірлік аренада дағдарыстың одан әрі ушығуы кері әсер етеді.

Осыған байланысты әлемнің көптеген дамыған елі қазіргі халықаралық және ішкі жағдайларды ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз  ету жөніндегі өздерінің саясатын қайта қарайды.

Сонымен қатар Қазақстан Стратегиясында ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі басымдықтары айқындалды.

Азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Стратегияда адами капитал саласындағы  қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ең алдымен, ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтауға және ұлғайтуға назар аударылады. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жұмыстармен бірге қоғамдық денсаулық сақтау ісін дамыту мәселесі де ұлттық қауіпсіздіктің базалық факторларының қатарына енгізілді.

Аталған бағыт құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмыстарының тиімділігін арттыруды, халықты құқық бұзушылықтардың барлық түрінен қорғауды қамтиды.

Экономикалық қауіпсіздіктің міндеттері айтарлықтай түзетілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрақты өсудің жаңа моделіне көшуге, экономиканың технологиялық күрделілігін арттыруға, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыру үшін жағдай жасауға байланысты.

Атап айтқанда, басты бағыттар азық-түлік қауіпсіздігі, қаржы жүйесінің тұрақтылығы, көлік-транзит саласындағы қатерлерді азайту болып табылады.

Бұдан бөлек басымдықтардың қатарында экологиялық қауіпсіздік, соның ішінде, экожүйелерді қорғау ғана емес, табиғи ресурстарды басқару да бар. Мұнда елдің су қауіпсіздігі ерекше орын алады.

Табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және олардың зардаптарын барынша азайту жөніндегі жұмысты жүйелі түрде күшейту талап етіледі.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында кибер қауіптерге қарсы іс-қимыл, қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау, ақпараттық инфрақұрылым, стратегиялық нысандар және ұлттық ақпараттық кеңістіктің қорғалу деңгейін арттыру маңызды рөл атқарады.

Қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді халықаралық аренада ілгерілету мәселелері ұлттық қауіпсіздіктің дәстүрлі бағыттарының қатарына жатады. Сонымен бірге олардың мазмұны жаңа аймақтық және жаһандық сын-қатерлерге, соның ішінде, гибридті және асимметриялы сын-қатерлерге байланысты елеулі өзгерістерге ұшырады.

Әрбір басым бағыт бойынша алдын алу тетіктері және қатерлердің алдын алу жөніндегі нақты шаралар әзірленді. Олар ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары арқылы іске асырылады, сондай-ақ, ұлттық жобаларға және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да құжаттарына енеді.

Сонымен қатар Стратегия азаматтардың, қоршаған ортаның қорғалуына, әлеуметтік-экономикалық сала мен халықтың әл-ауқатына төнетін қатерлерді төмендетуге қатысты нақты нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, толық қолданбалы мәнге ие болады.

Стратегиялық тәуекелдерді басқарудың озық әдістері негізінде индикаторлардың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады. Бұл Стратегияны іске асыру жөніндегі шараларға жедел мониторинг жүргізуге, олардың азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздік жағдайына әсерін бағалауға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары