ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

«Өзгенің шаруасына мұрныңды сұқпа». Сарапшылар Қазақстанды батысқа қарсы контрсанкцияларға қосылмауға шақырды

Батысқа бағытталған контрсанкцияға Қазақстан қосыла ма?

Фотоколлаж

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Батыс жариялаған снакцияларға қарсы ЕАЭО елдері де жауап беруі керек деген сарында мәлімдеме жасады. РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин «ЕАЭО елдері батыстың Ресейге салған экономикалық санкциясына шоғырланған жауап дайындап жатыр. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сай келеді», деп мәлімдеді. Ол мұндай пікірін дәстүрлі Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында айтқан.

«Спутник Армения» ақпарат агенттігінің жазуынша, Ресей СІМ өкілі бұл мәселенің күн тәртібіне қойылып, талқыланып жатқанынан хабар берген. Бұл тақырып жақын күндері жариялы түрде талқылана бастайды делінген. Айта кету керек, 2010 жылы Кедендік одақ аясында құрылған Еуразиялық экономикалық одаққа Ресейден тыс Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь Республикасы мүше.

Батысқа бағытталған контрсанкцияға Қазақстан қосыла ма? Ресейлік саясаткерлер ЕАЭО мүшелерін шоғырланған жауапқа қалай тартпақ деген сауалдарға отандық сарапшылар үн қатты. Azattyq Rýhy тілшісінің сұрақтарына жауап берген экономист Айдар Әлібаев ресейлік шенеунік мұны бекерден-бекер мәлімдемегенін айтады. Оның пікірінше, тығырыққа тірелген Ресей билігі бұл шиеленіске өзінің одақтастарын тарту операциясын жүзеге асыра бастайды. Солтүстіктегі көршіміз «жалғыз» емес екенін көрсету үшін ЕАЭО елдерін батысқа қарсы айдап салуы мүмкін, дейді қазақстандық маман.

«Бұл жағдайды мен былай түсініп отырмын: Ресей санкцияның жеке өзіне бағытталғанын біліп отыр. Бұл санкциялар нақты Ресейдің кейбір саяси қадамдарына қарай беріліп отыр емес пе?! Яғни, антиресейлік санкция деп қарауымыз керек. Тиісінше РФ да өздігінше контрсанкциялар жасауға талпынып көрді. Батыс елдерінен келетін азық-түлікке, импорттық тауарларға байкот жариялау сияқты шаралар жасады. Қазір ресейлік шенеуніктердің басына жаңа идея келген сияқты. Жаңағы мен айтқан қарсы санкцияларды күшейту үшін, өзі жалғыз емес екенін, оны қолдайтын мемлекеттердің бар екенін батысқа көрсету үшін осындай қадамға барып отыр. Яғни консолидарлық немесе шоғырланған жауап дегенді күн тәртбіне шығарып отыр. Демек, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін барлық 5 мемлекет батысқа қарсы дегенді айта бастады», - дейді Айдар Әлібаев.

Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан және Армения одаққа кіргенімен, Ресейден өзге елдерге бұрын-соңды санкция енгізу туралы әңгіме болған емес. Экономист Әлібаевтың пікірінше, 4 мемлекеттің басшылары санкцияға жауап беруге мүдделі емес. Бірақ Ресей енді өз одақтастарын осы бастамаға қосылуға барынша шақыратын болады.

«Ресей одақтастарын жан-жақты қысым көрсету арқылы, жалыну, сұрау, мәжбүрлеу тәсілдері арқылы көндіруі мүмкін. Қазір бұл процесс басталады. Егер осы ел басшылары, соның ішінде Қазақстан осы жерде әлсіздік танытса, өз позициясын көрсете алмаса, ұлттық мүддесін қорғай алмай келісетін болса, яғни шоғырланған контрсанкцияларға қосылса, батыс елдері санкцияны бүкіл Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа бағыттайтын болады. Ендеше біз де, өзге елдер де санкция аламыз. Қазақстан, Қырғызстан және Армения елдері халықаралық аренада кінәсі жоқ болса да Ресейді қолдағаны үшін тиісті жазасын алады», - дейді А.Әлібаев.

ҚР Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Сайыров Қазақстан кез-келген мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарауы керек деп санайды. Оның пікірінше, билік қандай да бір стратегиялық шешім қабылдағанда Қазақстан халқының экономикалық әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы тұрғысынан қарауы керек. Сондықтан Кедендік одақ, басқа да экономикалық интеграциялық ұйымдар аясында «шоғырланған жауап» деген сұрақ пайда болғанда, бұл мәселеге өте сақтықпен қарауымыз керек, дейді сарапшы.

«Қазіргі таңда өздеріңізге белгілі, төрткүл дүниеде өте күрделі әрі терең геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер болып жатыр. Осы тұрғыда Батыс пен бізге көршілес кейбір елдер (Ресей, Беларусь – авт.) бір-біріне санкциялық және әртүрлі іс-шаралар жасау арқылы экономикалық, саяси қысымды күшейтіп отыр. Осы аспект өз кезегінде сол елдердің экономикалық әлеуетін, халқының әлеуметтік жағдайын әлсіретіп жатыр. Ал Қазақстан тәуелсіз мемлекет, өзінің ұлттық мүддесі бар. Біз қандай да бір стратегиялық шешім қабылдағанда Қазақстан халқының экономикалық әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы тұрғысынан қарауымыз керек.

Қазіргі таңда әр мемлекеттің өзінің ішкі әлеуметтік жағдайы онсыз да күрделі. Пандемия экономикалық қарым-қатынасты ойсыратып жіберді. Қазақстан үшін кедейлікпен күрес, әлеуметтік күнкөрісі төмен жандарға көмек беру сияқты жауапкершілік алдыңғы орынға шығып отыр. Кез-келген сыртқы дипломатиялық қадам елдің әлеуметтік жағдайына, экономикасына кері әсер етпейтіндей болуы керек», - дейді Ерлан Сайыров.

Оның пікірінше, Қазақстанның барлық елдермен тұрақты, жақсы қарым-қатынасы бар. Көпвекторлы саясат аспектісі, қандай да бір елдің ықпалына түсіп, басқа елдермен қатынасты бұзуға қайшы. Мұндай мәлімдемелерге сақтықпен қарап, авантюраға бармау – басты аспект.

Ал, экономист Расул Рысмамбетов Ресей сыртқы істер министрлігінің мәлемдемесіне барынша байыппен қарайтынын айтады. Ол мұны министрдің орынбасары Александр Панкиннің деңгейінде жасалатын бастама емес екенін, сондықтан қазақстандық сарапшылардан мұны талқыламауды сұрайды. Оның ойынша, бұл арандату болуы мүмкін, сондықтан оны барынша елемеу қажет.

«Меніңше, бұл назар аударатын мәлімдеме емес, жәй айта салған пікір сияқты. Сыртқы істер вице-министрінің мұндай мәлімдеме жасайтындай өкілеттігі жоқ. Бұл бір отырыста, кулуарда айтылып, кездейсоқ тарап кеткен ақпарат сияқты. Себебі батыс елдері санкциясын Қазақстанға емес, белгілі бір мемлекетке, яғни ЕАЭО-ға мүше Ресейге бағыттап отырғанын білеміз. Бізге келіп-кетері жоқ. Бұл персоналдық санкция. Өздерінің мәселесі. Сондықтан біздің мемлекет ішінде талқылаудың да қажеті жоқ», - дейді Р.Рысмамбетов.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы