СҚО-да өз-өзін өртеп жіберген әйел ауруханаға түсті

Астраханка ауылында жан түршігерлік оқиға болды

СҚО-да өз-өзін өртеп жіберген әйел ауруханаға түсті
Фото: © istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылында жан түршігерлік оқиға болды. 41 жастағы жергілікті тұрғынның денесін күйік шалып, ауыр халде ауруханаға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Денесінің басым бөлігін күйік шалған әйел дереу аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайына байланысты оны Петропавл қаласындағы мамандандырылған медициналық мекемеге ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Облыстық Полиция департаменті аталған дерекке қатысты түсініктеме беріп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады. 

Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл қайғылы жағдайға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Жағдай құқық қорғау органдарының жіті бақылауында.