Атырауды қою түтін басты: «Ақжайық» резерваты өртеніп жатыр

Тұрғындар кешкі және түнгі уақытта тыныс алудың қиындағанын айтты

Атырауды қою түтін басты: «Ақжайық» резерваты өртеніп жатыр
Фото: © istockphoto.com

Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендерді қою түтін мен қолқаны қабатын күйік иісі басты. Тұрғындар кешкі және түнгі уақытта тыныс алудың қиындағанын айтып, шағымдануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түтіннің себебі — «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы қамыстың өртенуі. Өрт ошағы қаладан 35 шақырым жерде, Каспий теңізіне қарайтын бағытта орналасқан. 

Өрттің жалпы аумағы 12 гектар. Қазіргі таңда жанып жатқан аумақ 8 гектар, ал сөндірілген аумақ 4 гектар.

Тілсіз жаумен күреске Төтенше жағдайлар департаментінің 65 маманы мен 18 бірлік техникасы жұмылдырылды. Алайда, өрт сөндіру жұмыстарын жер бедерінің ерекшелігі қиындатып отыр. 

«Өртеніп жатқан аумақ — батпақты жер. Соның салдарынан арнайы техниканың өтуі мүмкін емес. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер қорғаныс жолақтарын салып, отты қолмен сөндіруге мәжбүр», — деп хабарлады мекеме өкілдері. 

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.