СҚО-да жұмысшылар 300 млн теңге жалақысын ала алмай жүр

Бөгет салған жұмысшылар еңбекақысын ала алмай жүр

СҚО-да жұмысшылар 300 млн теңге жалақысын ала алмай жүр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл маңындағы бөгет құрылысына қатысқан жұмысшылар шамамен 300 млн теңге жалақысының төленбегенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған нысанға бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарына Ақмола, Түркістан, Маңғыстау және Алматы облыстарынан келген бригадалар тартылған. Жұмысшылардың айтуынша, бастапқыда еңбекақы уақытылы берілгенімен, кейін төлемдер тоқтаған. Соған қарамастан, олар тасқын маусымына дейін үлгеру үшін құрылысты мерзімінде аяқтаған.

Жалақысын ала алмаған жұмысшылар қазір қиын жағдайға тап болған. Кейбірі қаражатсыз үйлеріне қайтса, енді бірі жалдамалы пәтерде тұрып, қарыз алып, несиесін өтеуге мәжбүр.

Қызылжар аудандық әкімдігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, тапсырыс беруші тарап бас мердігермен толық есеп айырысқан. Даудың туындауына бас мердігер мен қосалқы мердігер ұйымдар арасындағы қарым-қатынас себеп болған.

Сондай-ақ әкімдік өкілдері мердігермен өткен кездесуден кейін берешек 2–3 күн ішінде толық өтеледі деген уәде берілгенін хабарлады.

Ал бас мердігер бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Жұмысшылар болса, уәделерге сенім азайғанын айтып отыр. Егер алдағы күндері жалақы төленбесе, олар прокуратура мен еңбек инспекциясына жүгінетінін мәлімдеді.

Мақалада
#СҚО #жұмысшылар