ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады

ҚР Президенті Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығының барлық даулы мәселені тек бейбіт жолмен шешетініне сенімді екенін айтты

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде.

Ол «біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән» екенін атап өтті.

«Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын», - деді ол.

Мемлекет басшысы Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімді екенін жеткізді. 

«Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.