ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Қастер мен Мұрагер ісі: Адвокат пен белсендінің пікірі қарама-қайшы

Адвокат Ләззат Ахатова  Қытайдан Қазақстанға пана іздеп келген екі азаматтың ісін саяси ұпай жинау үшін пайдалануға қарсы

Журналистерді жинап, жылы жерде отырып, сөз сапырғанша, нақты іс-әрекет керек. Тергеу аяқталуға жақын, енді алда болатын сот отырысының әділ өтуі үшін нәтижелі жұмыс керек, дейді қорғаушы.  Бұл туралы ол «Azattyq Rýhy»  тілшісіне берген сұхбатында кеңірек айтып берді.

«Қастер мен Мұрагердің ісі бойынша тергеу толық аяқталып, сот жақындаған сайын, сан түрлі саққа жүргізу басталды. Біреулер баспасөз маслихатын өткізбек.  Жер-жерде журналистерді жинап, жауыр болған тақырыпты езе бергенше, әрекет керек! Мен енді ешқандай пресс-конференцияларға қатыспаймын, айтар пікірімді айтқанмын. Енді тек нәтижеге жұмыс жасау керек. Бұл жерде екі қандасымызды құтқаратын тек - БҰҰ мен халықаралық соттар деп ойым мен жоспарымды бірнеше рет жазғанмын да, айтып та жүрмін. Ол жақтарға арыз тек екі жігіттің заңды өкілінің атынан ғана қабылданады.Сондықтан, баспасөз маслихатын өткізгіштердің онсыз да бір ауыз сөзге үрейлері ұшып, Қастер мен Мұрагерді тап қазір Қытайға қайтаратындай, даурығып жатқан халықты одан бетер шулатқаннан басқа пайдасын көріп тұрған жоқпын. Халықты бұлай шулату-саясат па деп те ойлаймын»,- дейді Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының адвокаты.

Фото.  Ләззат Ахатова, адвокат

Десе де бүгін Алматыда Қазақстан Демократиялық партиясын құру жөніндегі бастамашы топ өкілдері  ҚР ҰҚК Шегара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіру үшін журналистердің басын қосқан болатын. Қоғам белсендісі Жанболат Мамай Қытай-Қазақстан шегарасынан заңсыз өтті деп айыпталған этникалық қазақтар кері қайтарылса, қарсылық шараларын ұйымдастыруға дайын екендерін мәлімдеді. Ол қос азаматтың қорғаушысы Ләззат Ахатова  осындай бастамаларға қарсы екенін айтып, жағдайды Қазақстан заңнамаларында  көрсетілген баптар аясында құқықтық алаң шеңберінде шешуге болатынына қатысты өз пікірін білдірді.    

«Бұл бір саяси топтың, белгілі бір мүддені көздеген адамдардың мәселесі емес. Оны Қазақстанда ел болып, халық болып қолдауымыз керек. Біз бұл мәселені жіті қадағалаймыз. Егер сот немесе прокуратура басқа да бір органдар осы екі азаматты Қытайға қайтару туралы мәселені көтерсе, біз бұған наразылық білдіруге дайынбыз. Оларды жан-жақты қолдауға дайынбыз. Бірақ қоғамдық күштер біріксе, бұл екі азаматты Қазақстанда алып қалуға толық мүмкіндік бар. Сайрагүлдің сценарийі бұл жерде қайталанбауы керек. Қастер мен Мұрагер үшінші бір мемлекетке аттанатындай емес, осында қалатындай әрекеттер заң аясында шешілуі тиіс әрине»,- дейді Ж. Мамай.

Фото. Жанболат Мамай пресс конференцияда

ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов осыдан үш күн бұрын сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз бұзып өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылады деп мәлімдеді. Ол ратификацияланған құжат  бойынша  барлық қылмыстық әрекеттер аяқталған соң, бұл азаматтарды сол елге қайтаратынын айтты. 

«Біз оларды Қытай Халық Республикасына шекара өкілдерінің қызметі арқылы қайтарып береміз. Алдағы уақытта осыған байланысты көрші мемлекет тарапынан тиісті жауап болуы керек. Сондықтан олардың біздің елде бостандыққа шығуына  мүмкіндіктері жоқ. Күдіктілер қазір ШҚО полиция департаментінің тергеу изоляторында қамауда отыр», – деді Д. Ділманов.

Адвокат Ләззат Ахатова шегара қызметінің басшысы айтып отырған келісімді 2006 жылы 14 желтоқсанда ҚР Үкіметі бекіткенін растайды. Аталған келісімнің 32-ші бабында Қытайдың немесе Қазақстанның шекарасын шатасып, не аңдамай бұзып өткен екі ел адамдары 7 (жеті күн) ішінде қайтарылады делінген. Сотқа жетпей, жеті күн ішінде. Ал біздің жағдайда екі жігіт шекараны қазан айында бұзып өтті. Қазір желтоқсан айы. Яғни, 7 күн емес, екі айдан асып кетті. Одан өзге, екі жігіттің үстінен ҚК-тің 392-ші бабына сай, қылмыстық іс қозғалды. Ол іс толық аяқталмай, сот шешім шығармай, Қастер мен Мұрагерді ешкім ешқайда қозғай алмайды деген позициясын білдірді.

«Олар алдымен біздің мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өткені үшін жазаларын біздің елде өтеуі керек. Алты айдан бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылуы мүмкін. 392-ші бап бойынша жазаны толық өтемей, депортациялау болмайды. Естеріңізде болса, Сайрагүлде де тура осындай жағдай болды. Сот алты айға бас бостандығын шектеген болатын. Ол мерзім өтпей жатып, Қазақстан босқындық беруден бас тартқан соң, Швеция саяси баспана беріп, сонда көшіп кеткенін білесіздер. Сондықтан, саясатпен айтылған әр сөзге уайымдай бермей, сабыр сақтаңыздар дегім келеді. Мен жасалып жатқан жұмыстарды, жоспардың бәрін мұнда ашық айта алмаймын, өкінішке қарай. Бірақ бәрін көріп отырмыз, қол қусырып отырмағанымызды айтқым келеді. Біздің ендігі үмітіміз - БҰҰ мен сосын халықаралық соттарда. Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр»,- дейді Л. Ахатова.

Ләззат Ахатованың айтуынша, қазір екі күдіктіге қатысты тергеу аяқталған. Іс прокуратураның қарауына жіберілді. Заң талаптары бойынша қадағалаушы орган он күн ішінде істі соттың қарауына жолдайды. Шегара бұзды деп айыпталған Қытайдағы этникалық қазақтарға қатысты алғашқы сот отырысы жаңа жылдың алғашқы күндеріне белгіленуі ықимал. Бірақ сот тергеу материалдарымен алдын ала танысу процесін жаңа жылға дейін өткізу мүмкін. Сот отырыстары ашық болады,  сондықтан бұл мәселеде халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ өкілдерінің қолдауына үміт артып отырмыз, дейді істі болған азаматтардың қорғаушысы.

Айта кетейік,  Биыл 10 қазанда Алматыда БАҚ өкілдеріне хабарласып, өздерін Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлы деп таныстырған екі ер адам Қытайдағы Іле қазақ автономиялық облысы Тарбағатай аймағы Дөрбілжін  ауданы арқылы шекара асып, бастарын қатерге тігіп келгендерін айтты. Көп ұзамай олар ШҚО-на жеткізіліп, сол жақта қамауға алынды. ҚР ҰҚК олардың үстінен  ҚР ҚК 392-бабы 1 тармағымен («Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту») іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған болатын.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Тегтер: