ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

Жергілікті мәслихат депутаттарына жүктелетін міндеттер артады

Мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуына орай елордада халық қалаулыларының конференциясы өтті

Фото: ca-news.org

Республикалық деңгейде шешім қабылдарда аймақтардың, оның ішінде мәслихат депутаттарының ұстанымын ескеру қажет. Өйткені олар жергілікті халықтың жағдайын жақсы біледі. Бұл жөнінде Сенат төрағасы Дариға Назарбаева халық қалаулыларының конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуына орай өткен жиында алдағы жылы жергілікті бюджеттерге 2 трлн теңгеден астам  субвенция берілетіні айтылды. Ел қазынасынан бөлінетін қаржының артуы облыстық және қалалық мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Мәслихат депутаттары әкімдіктермен бірге өз өңірінің, елді мекенінің бюджет қаражатын тиімді бөлуге жауапты. 2020 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаржыны игеру облыстық және қалалық мәслихаттарға, тексеру комиссияларына барынша жоғары талап қояды», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева.

Қазір елімізде түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 3300-ден аса депутат бар. Оларға қойылатын басты талап – халықпен жұмыс істеуде атүстілік пен салғырттықтан арылу. Өйткені осы жылдың өзінде әкімдіктер мен мәслихаттар қабылдаған 608 құқықтық актіні прокуратура кері қайтарған. Себеп – заң талаптарына сай емес. Сондықтан мәслихаттарды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету негізгі мәселеге айналып отыр. Бірақ бұл салада ештеңе атқарылып жатқан жоқ дегенді білдірмейді. Елордаға жиналған депутаттар жасаған жұмыстарын таныстырып, жаңа бастамаларымен бөлісті.

«Облыстық депутат ретінде 20-дан аса сауалнама жібердік. Мәдениет ошақтарын қалпына келтіру, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, жолдарды жасау, содан кейін біздегі ең үлкен мәселе Балқаш көлінің инфрастуруктурасы болған болатын. Міне, сол Балқаш көлінің инфраструктурасының жобалау сметасына ақша бөлді», – дейді Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова.