Бір лауазымды қызметте бірнеше рет болғандар

Кадр тапшылығы ма, белгісіз. Бірақ Қазақстанда бір қызметті бірнеше рет атқарған, тіпті «ен салып», меншіктеп алған шенділер көп

Бір лауазымды қызметте бірнеше рет болғандар

Бір қызметке қайта айналып келе беретін шенділердің көшін Марат Тәжин бастайды. Жақында Тәжин Қазақстанның Чехиядағы елшісі болып тағайындалды.

Тәжин төрт рет ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болған. Оның үшеуінде Бірінші орынбасар болды. Одан бөлек, төрт рет ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарған. Еш жерде әкім болмаған, саналы ғұмырын Президент әкімшілігінде және елшілікте өткізген адам.

Бір қызметке екі рет оралғандардың арасында Әділбек Жақсыбековке тең келетін ешкім жоқ. Ол екі рет Президент Әкімшілігін басқарды, екі рет Астана қаласының әкімі болды. Мұндай мәртебе басқа ешкімде жоқ. Алдағы уақытта ҰБТ тест сұрақтарында «Астананың тұңғыш әкімі кім?» деген сұрақ келетін болса, ойланбастан Әділбек Жақсыбеков деп жауап беріңіздер.    

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Үкіметті екі рет басқарған бір ғана жан бар, ол – Кәрім Мәсімов. Ол сияқты Үкіметті ұзақ уақыт басқарған ешкім жоқ. Ол Үкімет басына алғаш рет келгенде бақандай бес жыл (2007-2012 ж.ж) отырды. Екінші мәрте Премьер болғанда Үкіметті 2 жылдан аса уақыт басқарды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед және Мәдениет министрі деген атау - егіз ұғым. Ол бұл ведомствоны үш рет басқарды. Алғаш рет министр болғанда (2001-2003 ж.ж), ведомство атауы Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігі еді. Екінші рет министр болғанда (2008-2012 ж.ж) Мәдениет және ақпарат министрлігі еді, алайда 2010 жылдан бастап Мәдениет министрлігі деген дербес ведомство құрылып, соны басқаруды жалғастырды. Сосын бір жылдай Мемлекеттік хатшы болып, 2013-2014 жылдары қайтадан Мәдениет және ақпарат министрі болды.  

Асқар Мырзахметов оңтүстіктегі екі облысты басқарған адам. 2009-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысын (қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент – авт.), 2018 жылдан бастап Жамбыл облысын басқарып келеді. Әрине, екеуі екі түрлі облыс. Дегенмен, Мырзахметов екі рет Ауыл шаруашылығы министрі болған адам. Жалпы бұл ведомствоны екі рет басқарғандар Мырзахметовпен шектелмейді, Сергей Кулагин мен Ахметжан Есімов те екі рет Ауыл шаруашылығы министрі болған.

Қазақстанда екі рет Мәжіліс спикері болған екі адам бар. Оның бірі – марқұм Орал Мұхамеджанов болса (ІІІ-IV шақырылымда), екіншісі қазіргі Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Нығматулин 2012-2014 жылдары (V шақырылым) төменгі палата төрағасы болды. Сондай-ақ 2016 жылдан бері Мәжіліс төрағасы (VІ шақырылым).

Бердібек Сапарбаев төрт облысқа әкім болған адам (Қызылорда, ОҚО, ШҚО және Ақтөбе). Бұл жағынан Сапарбаевпен жарысқа түсе алатын тек Өмірзақ Шөкеев қана (Қостанай, ОҚО, Астана және Түркістан). Сапарбаев та бір ведомствоны екі рет басқарған деген мәртебелі тізімге енетін адам. Ол екі рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Жақында Премьер-министрдің орынбасары деген қызметке екінші рет тағайындалды.  

Екі мәрте деген тіркесті қолданғанда халық арасында «зың-зың әкім» атанған Ғабидолла Әбдірахымовқа тоқталмай өту мүмкін емес. Әбдірахымовтың екі рет Шымкент қаласының әкімі болғанын білесіздер. Бірінші рет әкім болып барғанда, Шымкент – бар болғаны облыс орталығы болатын. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың тізіміне (Нұр-Сұлтан, Алматы) қосылып, еліміздегі үшінші мегаполиске айналды. Ал, Ғабидолла Әбдірахымов – Шымкент мегаполисінің алғашқы мэрі деген атпен тарихта қалады. Оған қоса, Ғабекең екі рет Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы болғанын да айта кетуіміз керек.

Ерлан Ыдырысовты көпшілік тәжірибелі дипломат, Қазақстанның сыртқы саясатындағы беделді тұлғалардың бірі деп біледі. Ол екі мәрте Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі болды, сондай-ақ екі рет Сыртқы істер министрі болды.

Бұл тізімнің жалғасы болады....

Жандос Мейірбекұлы, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.