«Nur Otan» партиясының қоғамдық кеңесі ауыл әкімін сайлау мәселесін талқылап жатыр – Айдос Сарым

Халық қалаулысы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру кезінде мониторингтік жұмыстың қалай атқарылатындығын айтты

«Nur Otan» партиясының қоғамдық кеңесі ауыл әкімін сайлау мәселесін талқылап жатыр – Айдос Сарым
Фото: ашық дереккөзден

«Nur Otan» фракциясының ішінен құралған қоғамдық кеңестердің бірінде ең алдымен ауыл әкімін сайлау мәселесі қаралмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту қоғамдық кеңесінің төрағасы Айдос Сарым айтты.

Бүгін партияның сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Олардың әрқайсысына төраға тағайындалды. 

«Азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту қоғамдық кеңесі ең күрделі топтардың бірі деп ойлаймын. Бұл ретте қоғамға қажетті ең үлкен екі мәселені талқылаудың өзіндік өзектілігі бар. Бастысы қоғамға қатысты мемлекеттік сервистердің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек», - деді Айдос Сарым.

Халық қалаулысы кеңесте талқыланатын басты мәселені атап, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру кезінде мониторингтік жұмыстың қалай атқарылатындығына тоқталды. 

«Қазір ауыл әкімдерін сайлау мәселесін талқылауды бастап кеттік. 2-3 жылдың  ішінде осы бастаманың нәтижесін ескеріп, заңнаманы одан әрі жетілдірсек, 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау жөніндегі тақырыпты қарастырамыз деп ойлаймын. Оған да үлкен дайындық пен тәжірибе керек. Осындай ірі-ірі мәселелерді талқыға салудамыз. Бағдарламада айтылған әрбір бап бойынша арнайы индикатор бар. Ол индикаторға депутаттар жауапты. Сол бойынша халық қалаулары апта сайын деректерді сұратып отырады. Яғни сол көрсеткіштерге сүйене отырып, фракцияның алдында жауап береміз», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, саясаттанушы қоғамдағы мәселелердің барлығы ашық түрде талқыға түсіп, халықтың ойы да партиялықтардың назарынан тыс қалмайтындығын айтты.

«Партия Төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, ең бастысы қоғамдағы түйіткілді мәселенің барлығын осы кеңестердің ішінде талқылауымыз қажет. Біз үшін жабық тақырып жоқ. Осының бәрін атқаруға тырысамыз. Ең бастысы мемлекетке қол ұшын созамын деген азаматтарды қатарымызға тартуымыз керек. Әсіресе елдің дамуына өз үлесін қосып, пайдалы ой айтатын тұлғалар назардан тыс қалмауы керек», - деді Айдос Сарым.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.